Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген аб- зал», — деп атап өткен еді. Осыған орай еңбегінің жемісін көріп, Жер-анадан несібесін тауып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Соның бірі Алакөл ауданы, Жанама ауылының тұрғыны Ернар Құттыбек.
Жылыжай жұмысын Алакөл ауданында алғаш қолға алған кәсіпкер: «Биыл наурыз айында жалпы 15 сотық жердің 2 сотық аумағына тамшылатып суару әдісін пайдалана отырып қияр тұқымын ектім. Дақыл мамырда, 55 күн дегенде пісті. Қазір күніне 10 келі қияр жинап жатырмыз. Сапасы жақсы. Енді гүл тұқымын өсіруді көздеп отырмын. Мақсатымыз – ішкі нарықты өзіміздің органикалық өнімдермен қамтамасыз ету. Жылыжайдағы қиярдың 1 келісін көтерме бағамен 350 теңгеден сатамыз. Халыққа 500 теңгеден беріледі. Тапсырыс күннен күнге артып келеді. Алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтіп, өнімдерімізді Қазақстанның басқа қалаларына да жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді.
Кәсіпкер өнім көлемі мен сапасын және топырақ құнарын арттыру үшін қауіпсіз әрі табиғи органикалық биогумус тыңайтқышын қолданады. Түрлі жауынқұрттар мен микроағзаларды пайдалана отырып өңделген биогумустың құрамында өсімдіктердің өсуіне қажетті элементтер, топырақ құрылымын байытатын және жақсартатын заттар көп.
– Өнімнің әр түбіне 500 грамм биогумус тыңайтқышы жеткілікті. Есесіне өнімділігі бірнеше есе жоғары болады. Жерді құнарландыру 7-8 еселенеді. Өте тиімді. Биыл жылыжайымда тек осы биогумус тыңайтқышын пайдаланамын. Бүгінде осы тыңайтқыштың көмегімен қияр көшеттері жайқалып өсіп тұр, – дейді кәсіпкер.
Жанама ауылының тұрғындары үшін бақша өнімін өсіру үйреншікті іс болса, Ернар Құттыбектің қызығушылығы өзгелерді жігерлендіре түсті. Өйткені ол жылыжай өсірудің жаңа технологиясын интернет желісінен көріп, тәжірибелі мамандардың кеңесімен қолға алды. Мақсатын жүзеге асыру үшін жеке қаражатынан 5 млн. теңге жұмсап, кәсібін бастады.
Айта кетерлігі, жер бетінен төмен орналастырылып, керегесін кірпішпен қалағандықтан жылыжайдан жыл бойы өнім ала береді. Енді жылыжай түсімін арттыру және өнімдердің сатылу аумағын кеңейту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несиеге заманауи техника алуды жоспарлауда.
Қажет АНДАС





