Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында жұмыс жасамақ.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатында сөз алған Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Аденов, аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Бекеев, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сұңқар Қадіров өңірде жүзеге асып жатқан бұл тың жобаның мақсаты – ел азаматтарының қолайлы өмір сүруі үшін жан-жақты қолдау болып табылатынын айтты.
– «Отбасын қолдау орталықтарының» қызметін жүзеге асыруда Қоғалы ауылында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылып отыр. Орталықта отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру, қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық, психологиялық қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімде уақытша тұру мүмкіндігімен қолдау көрсетуді іске асырады. Ал орталықтың ашылуына, ағымды жөндеу жұмысы мен құрал-жабдықтарды сатып алуға, қызметкерлер жалақысына жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге бөлініп, игерілді. Бұл мекеме халық үшін қажетті қызмет көрсетіп, сапалы мамандармен қамтылған іргелі орталыққа айналатынына сенім мол, – деген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Бақтыбайұлы жаңа мекеменің отбасылардың әлеуетін нығайтуына септігін тигізер орын болуын тіледі.
Серік Тұрбеков, Қоғалы ауылдық округі ақсақалдар алқасының
төрағасы:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев өзінің Жолдауында зорлық-зомбылыққа құрбан болған адамдарға қоғам болып көмектесуіміз қажет екенін айтқан еді. Мұндай орталықтың қажеттігін заман алға қойып отыр. Сондықтан ауылымызда ашылған мекеме қиын жағдайға душар болған жандар үшін қажетті қызмет көрсетіп, сапалы мамандармен қамтылған іргелі орталыққа айналары
сөзсіз».
Мұнан кейін сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Бекеев, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сұңқар Қадіров, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова мүгедектер, көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы, жалғыз басты аналар, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қызмет көрсететін орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ал «Отбасын қолдау» орталығының директоры Дәурен Жұмағалиевтің айтуынша, бұл ғимарат бұрын Қоғалы ауданының емханасы болған. Жаңа мекеме толықтай мемлекеттен қаржыландырылады. Мұнда 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Орталықта 19 адам тұрақты жұмыс істейді.
– Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау мен қолдауды ұйымдастыру бойынша аудан бойынша мобильді топтар құрылып, WhatsApp чаттары ашылды. Мобильді топ құрамында ауыл округтерінің әкімдері, әлеуметтік мәселелер бойынша қызметкерлер, білім, денсаулық саласы және ішкі істер органдарының өкілдері қамтылған. Орталықта 15 адамға арналған жатын орын және балалар ойын бөлмесі бар, кір жуатын орын, асхана, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған. Алдағы уақытта мекемеге арнайы көлік беріледі деп күтілуде , – деді Д. Жұмағалиев.
Қонақтардың жүрекжарды сөзінен кейін ғимарат лентасы салтанатты түрде қиылып, Қоғалы ауылдық округінің ақсақалдар ұйымының төрағасы Серік Абдрахманұлы ақ батасын берді.
Қоғамның қорғансыз жандары үшін ашылып отырған орталық шын мәнісінде жанға жылу, көңілге медеу боларлық ғимарат болып, қиын жағдайға тап болғандардың өміріне оң ықпалын тигізеді деген ойдамыз.





