Қаржыға қол созған жұрт үшін алдағы шілде айы жаңа тәртіптің табалдырығын ала келеді. Бұған дейін банктің босағасын еркін аттаған талай жан енді талаптың таразысына түседі. Қазақстанда кредит беру жүйесіне енгізілген өзгерістер қарыз алудың бұрынғы дағдысын күрт өзгертпек, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа ереженің өзегінде – жауапкершілік пен есеп. Ендігі жерде әрбір азаматтың қаржылық ахуалы екі негізгі өлшем арқылы сараланады. Біріншісі – қарыз жүктемесінің коэффициенті. Бұл көрсеткіш адамның бұрын алған несиелеріне қанша қаражат жұмсап отырғанын айқындайды. Яғни, мойнындағы міндеттемесі көбейген сайын, жаңа несиеге жол жабыла түседі. Екінші өлшем – ай сайынғы табысқа шаққандағы қарыз үлесі. Бұл жүйе арқылы банктер қарыз алушының жаңа міндетті көтере алу-алмауын безбендейді.
Ережедегі ең салмақты өзгерістің бірі – ресми табысқа қойылатын талап. Енді бейресми табысқа сенім азаяды. Қаржы ұйымдары азаматтың табысын нақты дәлелдейтін деректерге жүгінеді. Соның ішінде зейнетақы қорына түсетін аударымдар мен міндетті медициналық сақтандыру жарналары негізгі айғақ ретінде қаралады. Демек, табысы заңды түрде рәсімделген адамның ғана мүмкіндігі кеңеймек.
Бұл жаңашылдық ең алдымен бейберекет қарызға бой алдырған топқа тосқауыл қояды. Айлығын «конвертпен» алатындар, келісімшартсыз еңбек етіп жүргендер, табысы тұрақсыз жандар енді қаржы ұйымдарының сүзгісінен өте бермейді. Осы арқылы мемлекет халықты қарыз құрсауынан қорғауды көздейді.
Бұл өзгерістер қаржы тәртібін күшейтіп, жауапсыз қарыз алудың жолын кесуге бағытталған. Бір қарағанда талап қатайғандай көрінгенімен, оның астарында қоғамды шамадан тыс берешектен сақтау мақсаты жатыр. Ендігі кезеңде несие – қолжетімді мүмкіндік емес, салмақты шешімге айналмақ.





