Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда «Құзыреттілік орталықтары» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл орталықтар озық педагогикалық тәжірибені енгізу, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және ата-аналар, педагогтер мен мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған алаң болып саналады.
Қазіргі таңда елімізде 330 Құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Оның 180-і қалаларда, 150-і ауылдық жерлерде орналасқан. Мектепке дейінгі және орта білім беру бағдарламаларын үйлестіру мақсатында 202 орталық тірек мектепке дейінгі ұйымдар мәртебесіне ауыстырылып, тірек мектептерге бекітілді.
Балабақшалар, кеңес беру пункттері және мектептер арасындағы өзара іс-қимылдың қадамдық жоспары әзірленіп, балалардың оқу және тәрбиелеу процесінде сабақтастық қамтамасыз етілуде.
Құзыреттілік орталықтары балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, трансформацияланатын пәндік-дамыту ортасын қалыптастырады, білім беру процесін ойын түрінде ұйымдастырады және тірек мектептермен тығыз байланыс орнатады.
«Құзыреттілік орталықтары желісін дамыту – мектепке дейінгі білім беруді жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл балаларға сапалы, икемді және заманауи мектепке даярлықты қамтамасыз етуге, ал педагогтерге – жаңа білім алып, үздік тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік береді», – деді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова.
«Жетісу-Ақпарат»





