Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Farabi Hub инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығында Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл жоба Сингапурдың ASTRASEC PTE. LTD компаниясы және отандық «Qubitera» ЖШС технологиялық серіктестерімен бірлесіп жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кванттық революцияның бастауы және ғылыми әлеует
Жаңадан құрылған орталық Қазақстанның ұлттық кванттық экожүйесін қалыптастырудың негізгі тірегі және өсу нүктесі болмақ. Оның қызметі іргелі ғылыми зерттеулерден бастап, қолданбалы шешімдерді әзірлеуге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Орталықтың басты бағыттарының бірі – зерттеушілерді, инженерлерді және технологиялық кәсіпкерлерді қамтитын жаңа буын мамандарын даярлау. Сонымен қатар орталық кванттық қорғалған байланыс пен есептеу шешімдерін дамытуға, озық халықаралық тәжірибелерді трансферлеуге және технологиялық стартаптарды іске қосуға жұмыс істейді.
Жобаның бірінші кезеңінде заманауи фотондық жүйелермен және оқу-тәжірибелік инфрақұрылыммен жабдықталған кванттық криптография және кванттық байланыс зертханасы іске қосылды. Бұл инфрақұрылым ғалымдар мен жас зерттеушілерге ақпаратты мүлдем жаңа деңгейде қорғауға мүмкіндік беретін тәжірибелер жүргізуге және мамандарды практикалық даярлауға жол ашады.
Мемлекеттік қолдау және стратегиялық басымдықтар
Іс-шараға қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл қадамның еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл жоба цифрлық және технологиялық қауіпсіздікті күшейту, инновациялық экономиканы қалыптастыру және маңызды салаларға кадр даярлау бағытындағы мемлекеттік басымдықтарға толық сәйкес келеді.
«Бүгінде әлем кванттық революцияның қарсаңында тұр. Оның маңыздылығы – дәстүрлі кремний технологияларына негізделген заманауи цифрлық, коммуникациялық және есептеу жүйелерінің әлеуеті өзінің шарықтау шегіне жеткенінде. Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасындағы бұл орталық еліміздің ғылымы мен экономикасын дамытуға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру стратегиясында бұл орталықтың рөлі ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, университет әлемдік деңгейдегі инновациялар тоғысатын орталыққа айналып келеді. Сингапурлық серіктестердің озық тәжірибесі мен отандық қуатты академиялық әлеуеттің бірігуі еліміздің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етпек. Қазақстан мен Сингапурдың кванттық саладағы ынтымақтастығы синергетикалық әсер береді деп күтіледі.
Киберқауіпсіздік және ұлттық экожүйе
ASTRASEC PTE. LTD компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы кванттық зерттеулерді дамыту Қазақстан үшін стратегиялық қажеттілік екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа буын кванттық технологияларына ие елдер ақпараттық қауіпсіздік саласында шешуші артықшылыққа қол жеткізеді. Негізгі басымдық кванттық коммуникацияға беріліп отыр, өйткені ол мемлекеттің цифрлық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Салтанатты рәсімнен кейін «Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы – ұлттық кванттық экожүйенің өсу нүктесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Цифрлық даму, Энергетика және Қорғаныс министрліктерінің өкілдері, ғалымдар мен технологиялық компаниялар басшылары қатысты. Талқылау барысында кванттық киберқауіпсіздік, индустриялық серіктестік және бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Орталықтың ашылуы Қазақстанның жаһандық технологиялық картадағы орнын нығайтып, жаңа ғылыми стартаптардың тууына үлкен серпін беретіні анық.





