2025 жылы елімізде бірқатар жұмысшы мамандық иелерінің жалақысы өседі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, құтқарушылардың жалақысы 70%-ға, ал мемлекеттік орман күзеті қызметкерлерінікі 100%-ға дейін өседі. Сондай-ақ балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы да айтарлықтай көбейеді — 30%-ға дейін. Бұл өсім 2025 жылдың қаңтар айында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына енгізілген 1,3 түзету коэффициентінің арқасында жүзеге асуда.
Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, бүгінде елде бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудің бірыңғай жүйесі қолданылады. Жалақыны көтеру туралы шешім экономикалық жағдай мен мемлекеттік бюджет мүмкіндігіне байланысты қабылданады.
«Министрлікке бюджет саласында жұмыс істейтін азаматтардан жалақыға қатысты өтініштер көптеп түсуде. Олардың негізгі мәселесі – еңбекақының төмендігі», – деді вице-министр.
Айта кетейік, 2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған. Бұл бастама жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау және осы саланың әлеуметтік мәртебесін арттыруды көздейді. Үкімет осы мақсатта жалақыны өсіру және әлеуметтік қолдауды күшейту шараларын қолға алып отыр.
Сондай-ақ бірқатар өңірдің әкімдіктері айлығы төмен қызметкерлерді қолдау үшін жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай қосымша үстемақы төлеу шараларын қарастыруда. Кей жерлерде бұл өсім 5%-дан 100%-ға дейін жетуі мүмкін.
Министрлік деректеріне сәйкес, соңғы жылдары педагогтер мен дәрігерлердің жалақысы екі есеге, ал техникалық қызметкерлер, мұрағатшылар және кітапханашылардың еңбекақысы да едәуір өскен.
«Жетісу-Ақпарат»





