Қаратал ауданында құрылысы жүріп жатқан нысандар жетіп-артылады. Олар өз уақытында ел игілігіне берілуі тиіс. Осыған орай БАҚ өкілдері құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Тілшілер алдымен Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік облыстық маңызы бар автомобиль жолының жұмысымен танысты. Дана халқымызда «жол қадірін жүрген біледі» деген керемет сөз бар. Шындығында солай. Елді мекендерді бір-бірімен байланыстыратын күре жолдардың қадір-қасиетін бейнетін тартып жүрген ауылдықтардан артық ешкім біле қоймас. Көпбірлік ауылында күрмеуі келіспеген осынау өзекті мәселені шешу үшін 22 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жол құрылысы үш бөлімшеге бөлінген.
Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік автомобиль жолының 90,35-146,9 шақырымының жұмысын «Казстройцентр» ЖШС жасауда. Бүгінде автомобиль жолының 12,5 шақырымына асфальт төселіпті. Қалған 27 шақырымда қызу жұмыс жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Мамандар «сапалы әрі жоспарға сай өткіземіз, уақытылы аяқтаймыз», – дейді.
– Біздің мекемеге Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік тасжолының 90-142 шақырымы тапсырылды. Оның ішінде таңдаулы 40 шақырымы істелуде. Бүгінде 17 дана су құбыры толығымен ауысты. 12,5 шақырым жолға асфальт төселді. Орташа жөндеу жұмысына 37 дана техника мен 50 адам жұмылдырылды. Қазір асфальт төселіп, жол жиегі жөнделуде, – дейді «Казстройцентр» ЖШС жол құрылыс бөлімшесінің басшысы Сырлан Тоянов.
Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік тасжолының екінші бөлімшесін (50,7-90,3 шақырымын) және үшінші бөлімшені (35-50,7 шақырымын) «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС жөндеуде.
– Бүгінде 15 шақырым облыстық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы бітті. Қазір 60 шақырымда қызу жұмыс жүруде. Жолдың сапасы мен уақытылы аяқталуы жіті бақылауда, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Далдыбаев.
Осыдан кейін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Оян және Ортатөбе ауылдарында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмысымен таныстық. Оян ауылындағы медициналық орталыққа 192,9 млн. теңге, Ортатөбедегі орталыққа 189,1 млн. теңге бөлініпті. Қос нысанның құрылысы да жаңа басталыпты. Мамандар фельдшерлік-акушерлік пункт 4 айда салынып бітетінін айтты.
Одан бөлек, ұлттық жоба аясында Қызылжар, Қанабек, Дөңши мен Қаражиде ауылдарында да фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. Алғашқы екеуіне қаржы бөлінсе, қалғандарының қорытындысы 16 тамызда шығады.
Айдар ҚАЛИЕВ