Алакөлде 30 тамыз ҚР Конституциясы күніне орай Арқарлы, Бибақан ауылдарында заманауи блокты-модульді медициналық ғимараттар халық игілігіне берілді. Аудан орталығынан шалғай жатқан бұл ауылдардың тұрғындары енді жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттен ем алатын болады.
Ел қуанышына ортақтасқан аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ғимараттың ашылу рәсімінде ауыл ақсақалдары ақ бата беріп, салтанатты түрде лента қиылды. Ауыл тұрғындарына медициналық нысанның ішкі бөлмелері таныстырылып, ақ жаулықты әжелер салт-дәстүрімізге сай шашу шашты.
Жаңа нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 35 млн. теңге бөлініпті. Блокті-модульді медициналық нысан құрылысын мердігер «Нұрлы аспан құрылыс» ЖШС-і уақытылы әрі сапалы жүргізген.
Ғимарат аумағы 108 шаршы метрді құрайды. Онда арнайы қажетті заманауи құралдармен жабдықталған 7 бөлме бар. Медициналық мекемелер бір ауысымда 12 емделушіге медициналық көмек көрсете алады. Атап айтсақ, алғашқы және жедел медициналық көмек көрсету, күндізгі ем-дом алу, профилактикалық тексеріс жүргізу, емделушілерді жеке қабылдау, екпе егу секілді қызметтер ұсынылады. Оған қоса, аудандық орталық ауруханадан арнайы белгіленген кестеге сәйкес келетін білікті мамандар тұрғындардың денсаулығын қарайды. Мұнда қазір 1 фельдшер,1 медбике қызмет істейді.
– Бұрынғы ғимаратымыз тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндіктен ем жасауда қолайсыздық тудыратын. Материалдық-техникалық базасы да тозып тұрған. Енді, міне, заман талабына сай, сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге лайықталған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, – дейді Арқарлы ауылдық медициналық пункт фельдшері Анар Сейфульдинова.
Сапақ ауылдық округі, Бибақан ауылының тұрғыны Капиза Хамитова: «Ауылымызда фельдшерлік-акушерлік пункт салынғанына ризамыз. Бұрын кішкентай ғана ескі ғимараттың өзін жоқтан бар деп тәубе қылатынбыз. Бүгін ауылымызда жап-жаңа медициналық нысан көптің игілігіне беріліп отыр. Ғимараттың ашылуына үлес қосқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз», – деп өз қуанышын жеткізді.
Жалпы, биыл тұрғындар үшін жыл басынан бері жергілікті бюджеттен Қоңыр, Арқарлы, Бибақан ауылдарында блокты-модульді медициналық нысан халық игілігіне пайдалануға берілсе, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында аудандағы 9 елді мекенде медицина нысандары салынуда. Атап айтқанда Жанама, Қызылқайың, Үшбұлақ, Ақжар ауылдарында емханалар жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Сондай-ақ, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы сәйкес Көлбай мен Жыланды ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Айжан МҰРАТ
Алакөл ауданы