«Жұмысшы мамандықтар жылы» өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласына айрықша серпін берді. Бұл экономиканың нақты секторына қажет кадр даярлауға бағытталған жүйелі қадам. Облыста 27 колледж жұмыс істесе, оның 21-і мемлекеттік, алтауы жекеменшік. Жетісудың кәсіби білім беру кеңістігінің кеңейіп келе жатқанын осыдан аңғаруға болады.
Сол оқу орындарының бірі – Көксу политехникалық колледжі. Биыл бұл білім ордасында сұранысқа ие «Гидротехникалық мелиорация» мамандығы ашылып, жаңа бағытқа 75 студент қабылданып отыр.
Колледж директоры Базархан Дүйсебековтың айтуынша, оқу орнында 600 шәкірт білім алуға болады. Қазіргі таңда 361 студент жеті түрлі мамандық бойынша білім алуда. «Гидротехникалық мелиорация» 11-сынып түлектеріне арналған, оқу мерзімі – 10 ай. Қысқа мерзім ішінде нақты өндірістік біліктілік беруге бағытталған бағдарлама – заман талабы.
Соңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірінде орын алған ірі су тасқындары су шаруашылығы саласындағы мамандар тапшылығын айқын көрсетті. Су арнасын реттеу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, бөгеттер мен каналдардың техникалық жағдайын бақылау – кәсіби мамансыз жүзеге аспайтын күрделі міндет. Сондықтан жаңа мамандықтың ашылуы тек бір колледждің емес, тұтас өңірдің қауіпсіздігіне қосылған үлес десек болады.
Колледж «Қазсушар» кәсіпорнының «Жетісу» филиалымен келісімшарт жасасқан. Оқу үдерісі дуалды жүйе негізінде ұйымдастырылған. Мұнда студенттер көп уақытын өндірісте өткізеді. Аудандық бөлімшелерде тәжірибеден өтіп, оқу соңында «Гидромелиорациялық жүйені қараушы-реттеуші» біліктілігін алады. Бұл дипломның тек қағаз күйінде қалмай, нақты еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік беретін тиімді модель.
Арнайы пәндер оқытушысы Гүлшат Сүлейменнің сөзінше, сабақ барысында суару жүйелерінің түрлері, топырақ құнарлылығын арттыру әдістері, гидротехникалық құрылымдардың жұмыс істеу принциптері жан-жақты қарастырылады. Теория мен тәжірибенің үйлесуі – сапалы маман даярлаудың басты шарты.
Аслан Атекенов сегіз жарым жыл ұстаздық етіп, кейін түрлі салада еңбек еткен. Қазір мелиоратор болып жұмыс істейді. Кәсіби білімін тереңдету үшін қайтадан студент атанып отыр.
– Алға қойған мақсат бар. Диплом алып, білімімізді жетілдіруді көздейміз. Болашақта осы бағытта жоғары оқу орнында оқуды да жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Ал Қаратал ауданы Көкпекті ауылынан қатынап оқып жүрген Вадим Карякин 9 жылдан бері инженер-гидротехник. Оның айтуынша, әр дақылдың, әр жер телімінің суару мөлшері әртүрлі. Қателікке жол берілсе, өнім көлемі де, сапасы да төмендейді. Демек, су ресурстарын ғылыми негізде басқару ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырудың кепілі.
Колледждің даму жоспары да ауқымды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Аида Омарова былай дейді:
– Алдағы оқу жылында жылыжай шаруашылығына қатысты жаңа мамандық ашу көзделуде. Материалдық база дайын: арнайы кабинеттер жабдықталған, колледждің өз жылыжайында көкөніс пен жидек дақылдары тәжірибелік түрде өсіріліп жатыр. Алма көшеттері де отырғызылған. Қыркүйектен бастап «Гидромелиоратор-техник» біліктілігі бойынша орта буын мамандарын даярлау жоспарланған.
Білім ордасы түлектерді 100 пайыз жұмыспен қамтуды мақсат етіп отыр. Бұл – бос уәде емес, нақты өндіріс орындарымен орнатылған байланыс нәтижесі. Өңірдегі су мәселелерін кешенді шешу мақсатында Қазақ – Британ техникалық университеті бастамасымен жоғары оқу орны, Небраска университеті және колледж арасында үшжақты меморандум жасалған. Мұндай әріптестік халықаралық тәжірибені енгізуге, заманауи технологияларды меңгеруге жол ашады.
Айта кетейік, облыста «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» әзірленіп, экономиканың басым бағыттарына талдау жүргізілген. Нәтижесінде жаңа әрі тапшы мамандықтар айқындалды. Соның бірі – гидромелиорация саласы.
Су – тіршілік көзі. Бірақ сол тіршілікті сақтап қалу үшін кәсіби білім, ғылыми негіз, жауапты маман қажет. Жетісуда гидромелиораторларды даярлау – уақыт талабынан туған бастама. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және болашақ ұрпаққа қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы нақты қадам.
Медет ЖҰМАБАЙ
Көксу ауданы





