Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында: «Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады» деп атап өткендей, ұстазға деген құрмет – әр адамның азаматтық парызы.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Ұстазға алғыс!» апталығы аясында Талдықорған индустриялық колледжінде мерекелік шара өтті. Онда білім саласына еңбек сіңірген ардагер мұғалімдерге құрмет көрсетілді.
Шара шымылдығын облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов түріп, жылы лебізін білдірді:
– Қазіргі кезеңде елімізде білім беру жүйесіне ерекше басымдық берілуде. Бұл ретте «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдердің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуметтік әрі кәсіби беделін биіктетті. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрінде олардың маңдай тері мен мейірімі, еңбегі мен қамқорлығы бар. «Ұстазға алғыс!» апталығы ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты нығайтып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыратын игі қадам деп есептейміз. Осы орайда біз де бүгінгі кездесуде жүрегіміздің төрінен орын алған қадірлі жандарға шексіз алғысымызды білдіре отырып, ұлағатты еңбектеріңізге құрметпен бас иеміз!
Кездесу барысында педагогтер қауымы білім саласында жинақтаған мол тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты. Білім беру жүйесін жетілдіруге үлес қосу мақсатындағы ұсыныстарын жасады. Солардың бірі – ардагер ұстаз Жұмабала Балақаранова:
– Мектепке енген әрбір жас маман жан-жағына жалтақтап келеді. Біз оны қақпайламай, құшағымызға тартып, білгенімізді үйретуміз керек. Олардың сабақтарына қатысып, жіберген қателіктерін жеке өзіне айтып, жөнге салып отырған абзал. Себебі, келешек ұрпақты тәрбиелейтін, білім беретін солар болып қалмақ. Мұғалім ақылды, тәрбиелі болғанда ғана шәкірттері елдің тұтқасына айналмақ, – деген ойымен бөлісті.
Жиын соңында 30 ардагер ұстазға облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлының Алғыс хаты табысталып, кәсіподақ атынан қаржылай сыйлық берілді. Ерен еңбек иелерінің құрметіне ақ дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді.
Медет ЖҰМАБАЙ





