Ертеде ата-бабамыз тәрбиені талбесіктен емес, құрсақтан бастаған. Неге десеңіз, аяғы ауыр әйелге ерекше күтім жасап, жаман жерлерге жібермеген. Жеген тамағының өзі іште жатқан балаға әсер еткен. Оның нақты мысалын Құралай Сейсенбекқызының балаларынан көруге болады. Дархан деген ұлы 2-3 жасында ақындардың жырын жатқа оқып, елдің көзайымына айналды. Былай қарасаңыз тілі енді шыққан бала. Ақтамберді жырау, Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли сынды өрелі тұрғалардың өлеңдерді жатқа оқыды.
Анасының айтуынша бойына бала біткен сәттен бастап, кітап оқып, ақын-жазушылардың шығармашылығымен сусындаған. Кейін босанған соң да Дарханды өлеңмен жұбатып, жыраулар поэзиясымен бесікке бөлейтін. Содан болса керек ұлының тілі шыққан бойда өлең оқып, санасына сіңіргені. Құралай ханымның қызы Диляра ән айтуға әуес. Оған аяғы ауыр кезде ән тыңдап, өзі де ән айтқан екен. Әрине, талант қанмен, текпен келетіні айқын. Сонда да бесікте жатқан баланы баулып, өз жолын таба білуі үшін де ата ананың орны бөлек. «Адам бойындағы қабілет қарымның 99 пайызы – еңбек, 1 пайызы – талант» деген қағиданы осындайда ескеру керек.
Құрсақтағы баланың дамуына қатысты ғылыми зерттеулер кейінгі 30 жылда ерекше қарқын алды. Америкалық National Institutes of Health ғалымдары ананың көңіл-күйі іштегі бала миының нейрондық байланысына тікелей әсер ететінін дәлелдеді. Стресті көп көтерген аналардың баласында сөйлеу қабілетінің төмендеуі мен когнитивтік даму баяулауы жиі кездескен. Гарвард университетінің Нейроғылым орталығы да дәл осы тұжырымды дәлелдеді. Анасының эмоциялық жағдайы ұрықтың стресс гормондарына сезімталдығын өзгертеді, бұл баланың кейінгі мінезі мен есте сақтау қабілетіне ықпал етеді. Демек, қазақтың ертеден қалыптасқан «жүкті әйелге жаман нәрсе көрсетпеу», «жаман сөз айтпау» тәрізді түсінігі – жай дәстүр емес, бүгінгі ғылым растап отырған ақиқат.
Ал баланы 2 жасқа дейін емізу – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стандарт. Ғылыми дерек бойынша, ана сүтіндегі DHA және ARA май қышқылдары баланың тіл, ойлау және есту жүйесінің дамуын жылдамдатады. Ал Қазақстандағы Балалар ауруханалары қауымдастығы емізілетін балалардың сөйлеу қабілеті 1,5 есе тез дамитынын жариялаған. Бірақ тек емізу жеткіліксіз, ана баламен байланыста болуы тиіс. Телефон ұстап отырып емізу – қазіргі аналардың жиі жіберетін қателігі. Баланы емізгенде оның көзіне қарау, сөйлесу, дауысын естірту ми дамуына әсер етеді. Баланың алғашқы нейрондық картасы дәл осы сәттерде қалыптасады. Columbia University зерттеуі бойынша, 0-2 жас аралығында күніне 1 сағат тікелей контакт – баланың сөйлеуін екі есе жеделдетеді.
Тағы бір жаман үрдіс. Қазіргі қазақ отбасында балаға «нәм-нәм» (тамақ) жейсің бе, «бұқа», «піш» (дәретке отыру), «оппа» (көтеру) сынды сөздерді жиі айтады. Бұл дұрыс емес. Ал айналамыздағы орыс отбасына қарасаң баласымен үлкен адамша сөйлеседі, тілі де ерте, дұрыс шығады. Неліктен? Өйткені сөйлеу – еліктеу механизмі. Егер бала үнемі «әпиәпи», «бип-бип», «тәтәтәт» секілді бұрмаланған сөздерді естісе, оның сөйлеу дағдысы да сол дыбыстық паттернге үйренеді. Сол себепті соңғы жылдары қазақ балаларының арасында логопедке жүгіну көбейген. Мамандар бұны телефон мен теледидар әсері, ата анамен коммуникацияның азаюымен байланыстырады. Бала сөйлей алмауының негізгі себебі – ересек адамның баламен сөйлеспеуі. Америкалық Педиатрия академиясы 2 жасқа дейін экранды толық шектеуді міндеттейді. Өйткені экран баланың миына сөйлесу иллюзиясын береді, ал шын мәнінде тіл орталығын дамытатын кері байланыс жоқ. Яғни бала тек тыңдаушы, бірақ диалогқа қатыспайды.
Логопед мамандары бала тілінің кешігуіне қатысты: «Соңғы 5 жылда логопедке келетін балалар саны екі есеге артты. Көп ата ана кінәні гаджеттен көреді, бірақ түп негізі – сөйлеспеу. Балаға күніне кемінде 1 сағат таза диалог керек. Барлық жастағы ең жақсы стимуляция – ересек адамның дауысы», – дейді.
Дәл осы тенденцияны ғылыми тұрғыда қарастырсақ, Калифорния университетінің тіл дамыту институты сөйлесу қарқыны мен сөз саны бала IQ деңгейіне әсер ететінін анықтаған. Зерттеуде күніне 13-15 мың сөз еститін балалар 7 жасында интеллектуалдық тесттерде 30 пайыз жоғары нәтиже көрсеткен. Демек, ата-ана мен баланың арасындағы диалог – ең арзан, ең тиімді, ең табиғи даму құралы.
Әлемнің дамыған елдері бұл саланы бұдан да жоғары деңгейге көтерген. Жапонияда ата-ана мен бала арасындағы күнделікті 30 минуттық әңгіме – ұлттық стандартқа айналған. Үйде кітап оқу – міндетті. «Тайкё» деп аталатын құрсақ тәрбиесі жүйесі болашақ ананың өзін дамытып, музыка тыңдап, кітап оқып, тыныш ортада өмір сүруін талап етеді. Соның арқасында Жапония әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін халыққа айналды. Олардың когнитивтік даму мен эмоционалдық интеллект көрсеткіші де жоғары.
Финляндияда баласы туған ата-анаға кітапханадан арнайы «оқу пакеті» беріледі. Оның ішінде алғашқы кітаптар, нұсқаулық және ата-анаға арналған сөйлесу дағдылары курсы бар. Сондықтан фин балалары 3 жасында толық сөйлеммен сөйлей алады. Бұл – қоғамның ата ананы оқытуға жұмсаған инвестициясының нәтижесі.
Қытайдағы ерте даму орталықтары да ерекше. Онда «ата-анамен диалог» бағдарламасы міндетті. Әр ана құрсақта жатқанда музыка терапиясынан өтеді, ал туғаннан кейін балаға күніне 500-1000 сөз айту нормасы бекітілген. Нәтижесінде балалардың сөйлеу және когнитивтік даму көрсеткіші әлем бойынша ең жоғары деңгейде.
Ал қазақстандық жағдайды талдасақ, бүгінгі отбасылардың күрделі мәселелерінің бірі – уақытының жетпеуі. Қазір ата аналардың басым бөлігі жұмыс істейді, ал баламен сапалы уақыт өткізу аз. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегіне сүйенсек, қазақстандық балалардың 62 пайызы күніне кемінде 3 сағат экран алдында отырады. Бұл ДДСҰ ұсынған нормадан үш есе көп. Балабақшаға дейінгі жастағы балалардың 40 пайызында сөйлеу кешігуі байқалған. Бұл – қауіпті көрсеткіш.
Баламен сөйлесудің пайдасын нейробиологтар да нақты айтады. Мидың сөйлеуге жауапты Брока аймағы мен Вернике аймағы алғашқы 3 жылда ең жылдам дамиды. Егер бұл кезең бос өтсе, кейінгі түзету өте қиын болады. Ғалымдар оны «терезе кезеңі» деп атайды. Яғни 0-3 жас – баланың бүкіл өмірінің «коды» жазылатын уақыт. Осы кезде сөйлеспеген, көзге қарамаған, жылы дауыс естімеген балада эмоционалдық дағдарыс, өзіне сенімсіздік және тіл кемшілігі жиі кездеседі.
Баланы балабақшаға беру – мәселені шеше алмайды. Өйткені баланың сөйлеуінің 80 пайызы тек ата-анамен қарым қатынас арқылы қалыптасады. Бұл туралы Гарвард университетінің «Center on the Developing Child» орталығы нақты дерек келтіреді. Ата-анамен сапалы диалог баланың миындағы синапстар санын 2 есеге арттырады. Бақшадағы тәрбиешінің сөзі бұл процесті алмастыра алмайды.
Журналистік зерттеу барысында еліміздегі бірнеше логопед, нейропсихолог және педиатрлармен әңгімелестік. Олардың барлығының пікірлері ортақ – балалар сөйлемейді емес, балалармен сөйлеспейді. Баланың даму деңгейі оның әлеуметтік ортасымен тікелей байланысты. Көп ананың сәбиге сөйлеспеу себебі уақыт тапшылығы ғана емес, өзіне сенімсіздік, «ол бәрібір түсінбейді» деген қате түсінік. Ал шын мәнінде 3 айлық бала да дыбыс ырғағын таниды, 6 айлық бала сөз құрылымын айыра алады, 9 айлық бала интонацияны талдайды.
Экранның зияны туралы да мамандар нақты тұжырым жасаған. Франция, Канада және Австралия 3 жасқа дейінгі балаларға экранды толық тыйым салған. Бұл елдерде тіл бұзылыстары 25 пайызға азайған. Оңтүстік Кореяда гаджет тәуелділігіне байланысты арнайы клиникалар бар. Өйткені гаджет көрген балада сөйлеу нейрондары емес, көру орталығы артық дамиды. Нәтижесінде сөйлеу орталығы әлсірейді.
Қазақстанда ата-ана баламен сөйлесу мәдениетін жаңадан қалыптастырып келеді. Алайда ұлттық тәрбиенің алтын қазынасы – бесік жыры әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Бесік жыры – баланың есту орталығын дамытатын ең табиғи әдіс. Музыка терапиясының өзі бесік жырының формуласына негізделген. Әлемдік ғалымдар қазақ бесік жырының баланың тыныс ырғағын, вегетативтік жүйесін реттеп, мелатонин өндірісін арттыратынын дәлелдеген.
Баланы дамыту үшін күрделі әдістер де, қымбат ойыншықтар да қажет емес. Ең маңыздысы – сөйлесу. Диалог. Баламен үлкен адамша сөйлесу керек. «Нә-нәм» емес, «тамақ». «Піііш» емес, «дәретхана». «Оппа» емес, «көтерейін бе?». Сөзді бұрмалау – баланың сөйлеу орталығын шатастырады.
Ғалымдар ата-анаға қарапайым үш кеңес береді: күніне кемінде 30 минут таза диалог, күніне кемінде 10 минут бірге оқу, күніне кемінде 5 минут көзге қарап әңгімелесу. Тек осы үш әрекет баланың өмірін түбегейлі өзгертеді.
Баламен сөйлесу – жай сөйлеу емес. Бұл оның болашағына салынатын ең үлкен инвестиция. Сөйлеу – ойлаудың кілті. Ойлау – тұлғаның негізі. Тұлға – ұлттың дамуы.
Ертеде ата-бабамыз құрсақтағы тәрбиені бірінші орынға қойған. Бүгінгі ғылым сол дәстүрдің шынайы құндылығын дәлелдеп отыр. Ал әлемдік тәжірибе ата-ана мен баланың арасындағы жылы әңгіме – дамыған қоғамның басты формуласы екенін көрсетеді. Демек, баламен сөйлесу – ұлттық мәдениетті, ұрпақтың интеллектін және елдің болашағын қалыптастыратын ең маңызды фактор.
Мәулен Әнербай





