Облыста мал қыстату науқаны жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен мал шаруашылығының дәстүрлі құрылымы қыс мезгіліндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Облыс бойынша мал қыстату кезеңіне 2,3 млн. тоннадан астам мал азығы дайындалыпты. Бұл мал басын толық қамтуға жеткілікті.
Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпарат бойынша биыл облыстағы ауыл шаруашылығындағы төрт түліктің жалпы саны 2 млн. 263,7 мың басты құрады. Оның ішінде 488,9 мың бас ірі қара, 1,5 млн. бас ұсақ мал, 203,0 мың бас жылқы, 2,2 мың бас түйе бар. Жыл басынан бері 115,2 мың тонна ет, 226,0 мың тонна сүт өндірілді. Жыл қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3,9 пайызға өсіп, ет өндірісі 4,6 пайызға, сүт өндірісі 4,4 пайызға артты. Бұл көрсеткіштер жемшөп қорының жеткілікті дайындалуын, асыл тұқымды мал үлесінің артуын және өндірістік үдерістердің біршама тұрақтанғанын көрсетеді.
Мал қыстату кезеңіне барлығы 2 млн. 309,4 мың тонна мал азығы дайындалды. Оның ішінде 1 млн. 324,6 мың тонна шөп, 346,3 мың тонна сабан, 205,3 мың тонна сүрлем, 310,6 мың тонна жем, 122,6 мың тонна пішендеме жиналған. Қазіргі уақытта дайындалған жемшөп қорының 683,3 мың тоннасы малға пайдаланылса, 1 млн. 626,1 мың тоннасы алдағы кезеңге сақтаулы тұр.
Науқан кезінде бірқатар жүйелі тәуекел сақталуда. Атап айтқанда, жемшөп дайындау шығындарының өсуі, логистикалық қиындықтар, жанар-жағармай бағасының қымбаттауы және жайылымдардың тозуы мал шаруашылығының экономикалық тиімділігіне қысым түсіруде. Бұл факторлар әсіресе шағын және орта шаруа қожалықтарының қаржылық тұрақтылығына әсер етуде.
Қазіргі кезеңде негізгі назар малдың қоңдылығын сақтау, өнімділіктің төмендеуіне жол бермеу және шығындарды оңтайландыруға бағытталған. Мал азығын тиімді пайдалану, қыстау инфрақұрылымын жетілдіру және ветеринариялық бақылауды күшейту – қыстату науқанының басты ұйымдастырушылық міндеттері болып отыр.
Саланы дамыту тұрғысынан алғанда, қыстату кезеңі мал шаруашылығының құрылымдық әлсіз тұстарын айқындайды. Жемшөп өндірісін әртараптандыру, суармалы алқаптарды кеңейту, азық дайындау технологияларын жаңғырту және кооперацияны дамыту қажеттілігі анық байқалады. Сонымен қатар, климаттық тәуекелдерге бейімделу, жайылымдарды басқарудың ғылыми тәсілдерін енгізу және мал басының сапалық құрамын арттыру ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі шарттары болып қала береді.
Биылғы мал қыстату науқаны сала мамандарының бақылауында өтуде. Қалыптасқан қиындықтарға қарамастан, қолда бар ресурстар мен мемлекеттік қолдау тетіктері саланың өндірістік әлеуетін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Орта мерзімді перспективада мал шаруашылығын тұрақты дамыту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауда шешуші фактор болып отыр.
Қажет АНДАС





