Жыл соңына дейін барлық бағыттар бойынша 4 117 отбасы қолжетімді баспанаға ие болады, оның ішінде 200-і көп балалы, 300-і әлеуметтік осал отбасы тобынан. Атап айтқанда, жалгерлік — 678, жеңілдетілген несиелік – 1802, «Жетісу жастары» бағдарламасымен — 50, «Жерұйық» бағдарламасымен – 66, апатты тұрғын үй иелері үшін – 95, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалгерлік тұрғын үй сатып алу – 866, демеушілер есебінен – 560.
Талдықорған қалалық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, биыл бюджет қаржысы есебінен Талдықорғанда 56,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, 108 пәтерлік 4 үйі жалгерлік, 590 пәтерлік 17 үйі несиелік болмақ. Солардың ішінде қаланың 9-шы шағын аудандағы бес, жеті және тоғыз қабатты жалпы саны 89 пәтерлік үй 2024 жылдың ақпан айында салына бастап, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары 90% аяқталған.
Бұл үйлерде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Қазіргі кезде линолеум төсеу, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айына тапсыру жоспарланған, содан кейін жаңа шағын ауданды тұтас қамти отырып, абаттандыру жұмыстары басталады.
Атап өтсек, өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру Талдықорғанда рекордтық көрсеткішке жетті. Соның арқасында кезекте тұрғандардың шамамен 12-13%-ы баспанаға ие болды. Ал облыс бойынша 2022-2023 жылдары мемлекеттің қолдауымен және демеушілердің көмегімен 2100-ден астам отбасы тұрғын үйге ие болды, соның ішінде 700-і көп балалы, 751-і әлеуметтік осал топқа жататын отбасы және 100-і жетім бала санатындағылар.
Жетісу облысының әкімдігі