Талдықорғанда облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мамандары қала тұрғындарын қабылдады. Қабылдау барысында тұтынушыларды толғандырған біршама мәселелер қарастырылды.
Жиында өңір тұрғындарынан түсіп жатқан арыз-шағымдарға тоқталып өткен облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Айдос Дауешев қолында бар мәліметтермен бөлісіп, кездесуге келген тұрғындардың пікірін тыңдады. Облыста тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында азаматтардың өтініші көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Мысалы, 2024 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша Жетісу облысының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне 397 өтініш түсіп, оның 152 өтініші оңды шешіліп, тұтынушыларға жалпы сомасы 8 845 000 теңге кайтарылған. Өтініштердің саны өткен жылдармен салыстырғанда 5,8 есеге, яғни 100-ден 544 өтінішке өскен.
Сонымен қатар 194 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 51-і қайта бағытталып, төртеуі кері қайтарылған.
Айта кетейік, департаменттің негізгі міндеті – ішкі сауданы дамыту және реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында біртұтас және тиімді саясатты қалыптастыру.
Тұтынушылардың шағымдары бойынша алдыңғы қатарда бөлшек сауда саласы, тұрмыстық қызмет, одан кейін электронды сауда тұр.
Статистика бойынша облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне түскен электрондық сауда саласына өтініштердің өсуі байқалады.
Былтыр электрондық сауда саласындағы 63 өтініштің 23-і шешімін тапса, биылғы 6 айда түскен 46 шағымның 20-сы оң шешілді.
Айғаным АЙТМҰХАН





