Түркістан облысында суға кеткен 2 жасар бүлдіршінді іздеу шаралары әлі де тоқтаған жоқ, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқиға Сайрам ауданына қарасты Машат ауылы маңындағы Машат өзені бойында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 31 наурыз күні сағат 18:00 шамасында 2024 жылы туған сәби ойнап жүріп, суға құлап, ағысқа кеткен.
Қазіргі уақытта жоғалған баланы табу мақсатында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы жүргізілуде. Жұмысқа Түркістан облысы мен Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменттерінің жедел-құтқару топтары, полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, жедел медициналық жәрдем бригадалары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар тартылған.
Жалпы іздеу шараларына шамамен 250 адам жұмылдырылып, 14 арнайы техника, 2 жүзу құралы, ТЖМ-нің кинологиялық тобы, ұшқышсыз ұшу аппараты және спутниктік байланыс жабдықтары пайдаланылуда.
Қосымша түрде дрон көмегімен 1 шақырымға жуық аумақ қаралған. Соған қарамастан, әзірге нақты нәтиже жоқ.
Іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.





