Талдықорғанда Наурызнама онкүндігі аясында Жаңару күніне орай игі экологиялық шара өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ, ардагерлер мен өңір жастары қатысты.
Шуақты мереке Еркін ауылдық округі маңындағы бұлақ көзін ашу рәсімінен басталды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған меймандар қыс бойы бетін шөп-шалаң жапқан бұлақтың көзін ашып, ізгі тілектерін айтып, бір-бір кеседен мөлдір су ішті. Жиналған қауымға Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі Сағындық Жұмаділ Наурыз батасын берді.
Осыдан кейін аймақ басшысы орталық саябақта студенттер, волонтерлер, жастар ұйымдарының өкілдерімен жүздесіп, олардың қоғам өміріне белсене қатысуының маңызды екенін жеткізді.
– Жаңа Конституция қабылданған кезде Президентіміз мемлекеттің болашақ иесі әрі тірегі, елдің ертеңі жастар екенін атап айтты. Сондықтан Қазақстанымыз бақуатты өсіп-өркендеу үшін сіздер жақсы білім алып, жасанды интеллект пен жаңа, озық технологияларды еркін меңгерулеріңіз керек. Сіздердің болашақтарыңыз өз қолдарыңызда, – деді Бейбіт Исабаев.
Мұнан соң жиналған көпшілік саябақта 100 түп қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды. Дана халқымыз: «Бір тал кессең, он тал ек», «Ағашты жердің ырысы мол» деп текке айтпаса керек. Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Айналаны жасыл желекке орап, жолдың бойына отырғызылған ағаштар әсем бейнесімен көз тартарлық.
Игі шараға қатысқандар Жаңару күні мен экологиялық акцияның пайдасын айтып, пікірлерін білдірді.
– Талдықорғандағы «Авиценна» колледжінің студентімін. Өзім Шымкент қаласынанмын. Жалпы Жетісудың табиғатына қатты қызығатынмын, осы өңірге оқуға түскеніме қуандым. Қазір мейіргер мамандығына оқып жатырмын. Бүгін тобымызбен ағаш егуге келдік. Бұдан басқа да санитарлық тазалық шараларына тұрақты қатысып жүрмін. Қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін әркім өзінен бастауы керек. Біз, жастар, өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан балаларға бұл тұрғыда үлгі боламыз деп ойлаймын, – деді 1-курс студенті Шыңғысхан Сейсембай.
Жаңару күнінде облыс бойынша жалпы саны 3 мыңға жуық ағаш егілді. Сондай-ақ, осы күні өңір оқушылары облыс мектептерінің ауласына көшет отырғызуға қатысты.
Айдар ҚАЛИЕВ





