Жетісу облысында мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі 3 мыңға жуық бала бар. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында 7 күндіз болу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардағы 400-ге жуық бала арнайы қызметтермен қамтылған.
Өңірдегі күндіз болу орталығының екеуі Талдықорған қаласында орын тепкен. Соның бірі «Бәйтерек» күндіз болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 90 балаға жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сания Наурызбаева айтқандай, бүгінгі күнге қосымша қажеттілік туындап, «Бәйтерек» күндіз болу орталығы жанынан 20 орынды бөлімше ашылды. Облыс басшылығының қолдауымен ашылған ғимараттың жалпы алаңы – 470 шаршы метрді құрайды.
Жаңа бөлімшенің ашылу салтанатына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сания Дүйсенбіқызы арнайы қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Бұл жаңа бөлімше ата-аналардың сұранысы мен қажеттілігі бойынша ашылып отыр. Мұнда келетін 20 бала арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрін алады. Атап айтқанда, әлеуметтік құқықтық, әлеуметтік заңгерлік, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік тұрмыстық, әртүрлі педагогикалық қызмет. Өздеріңіз көріп отырғандай, ғимараттың іші жарық, жылумен, ыстық сумен қамтылған, қажетті барлық құрал-жабдықпен жабдықталған. Алдағы уақытта бөлімшеде жұмыс істейтін қызметкерлер балаларға сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз», – деді.
Бөлімшеге келетін балалар үшін барлық жағдай қарастырылған. Оларды ертеңгілік үйлерінен алып, кешке апару үшін арнайы көлік те бөлінген. Балалар жас ерекшеліктеріне, диагноздарына, даму деңгейіне байланысты екі топқа бөлінген. Мұнда 20 балаға 13 маман арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Сания Теңізбаева, ата-ана:
– «Бәйтерек» күндіз болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қызым Еркежанды алып келемін. Ол қазір 11 жаста. Осы мекемнің жанынан қосымша ата-аналардың өтінішімен бөлімше ашылып отырғанына қуаныштымын. Біздің сөзімізді жерге тастамай осындай тамаша бөлімшенің ашылуына қолдау көрсеткен облыс әкіміне айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта бөлімшенің жұмысы алға басып, балаларымыздың оңалуына оң ықпалын беретініне сенім мол.
Қарлығаш Тұтқабаева, ата-ана:
– Қызым Софият Жеңісқызы, 16 жаста. Бұған дейін жекеменшік оңалту орталығына барып жүргенбіз. Осындай бөлімшенің ашылғанына өте қуаныштымын. Мұнда барлық жағдай жасалған, тиісті мамандармен де қамтылып отыр. Ендігіде осы бөлімшенің тәрбиеленушісі болады. Қызым ары қарайғы өзіне қажетті көмек пен қолдауды мемлекеттік мекеменің жанынан ашылған бөлімшеде алатынына өте қуаныштымын. Әр маманның жұмысына сәттілік тілеймін.
Сарби ӘЙТЕНОВА