Бақытты отбасы – мықты мемлекеттің тірегі. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ажырасу және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі кездеседі. Осыған орай еліміздің барлық аймағында «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылуда. Күні кеше осындай орталық Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында ашылды.
Әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және басқа да қажетті көмек түрін ұсынатын орталықтың ашылу салтанатына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров қатысты.
«Жанұя» орталығының директоры Динара Хабарованың айтуынша, 15 орынға арналған орталықта 19 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Олардың қатарында заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер және басқа да мамандар бар. Мекеме мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейді.
– Орталықтың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, – дейді Д. Хабарова. – Мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға тегін көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, психологиялық, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар отбасылардың мүшелеріне «Жанұя» орталығында бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.
Қазіргі уақытта ауданда қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау үшін мобильді топ құрылған. Оның құрамында жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының өкілдері бар.
Орталық аудандағы танымал кәсіпкердің ғимаратында орналасқан. Ол Үштөбеде отбасын қолдау орталығын ашу туралы биліктің бастамасын қолдап, бюджет қаражаты есебінен ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, орталыққа қажетті жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды. Мекемеде жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған: балалар ойын бөлмесі, кір жуатын бөлме, асхана, демалыс бөлмесі бар.
Естеріңізге сала кетейік, отбасын қолдау орталықтары бұған дейін Жетісу облысының Панфилов, Сарқан, Кербұлақ, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында ашылды. Ал Қаратал ауданында ашылған алтыншы орталық. Мұндай мекемелер қоғамда маңызды рөл атқарып, отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға, ең осал топтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге және оларды қорғауға көмектеседі.
2025 жылы дәл осындай орталықты Ескелді, Көксу және Ақсу аудандарында ашу жоспарланған.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
Қаратал ауданы