Жыл сайын көктемгі дала жұмыстары басталысымен және шаруашылықтар күзгі егін жинау науқанына кіріскен тұста жанар-жағармайға қатысты әңгіме жиі көтеріледі. Өйткені шаруалар алдағы жоспарын жүзеге асыру үшін жоспарлаған егінін егіп, күзде ала жаздай төккен терінің өтеуін төкпей-шашпай жинауға кіріседі. Әрине, жанар-жағармай қоры жеткілікті әрі бағасының да диқандардың қалтасына жүк түсірмегені керек. Сондықтан бұл жұмысқа облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағылар жауапкершілікпен нақтылы зерттеу арқылы кіріседі.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан алынған ақпаратта мамыр айының 1- 20 күндері аралығында «GOSAGRO» порталы арқылы күзгі дала жұмыстарына байланысты облыстағы 833 шаруашылықтан 6479,5 тонна дизель отынына өтінім түскен. Порталға түскен өтінімдер бойынша облыстық ауылшаруашылық басқармасы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне: «Аймақтағы шаруашылықтар егін жинау науқанын сәтті жүргізу үшін шілде айында 984,9 тонна, тамыз айында 1688,3 тонна, қыркүйек айында 2792 тонна, қазан айында 1014,2 тонна дизель отыны керек болады» деген өтінім жолдады. Сондай-ақ, жанар-жағармайды жеткізуші оператор таңдалды. Сонымен таңдау «GASSOILМ.А.» ЖШС-не түсті. Олармен дизель отынын аудан және қала орталығына жеткізіп беруді қосқанда қызмет көрсету бағасы 1 литрі 250 теңгеге бағаланып, келісімшарт жасалды. Ал аудан және қала орталықтарынан егіс алқабына шаруашылықтар өздері тасып алуға міндеттелді.
Оператор «GASSOILМ.А.» ЖШС шілде айында «Petrosun» ЖШС-нен 1000 тонна дизель отынын алуға келісімшарт жасап, оның 719 тоннасын сатып алды. Қалған 281 тоннасы 31 тамызға дейін сатып алынады. Сонымен қатар, тамыз айында қосымша 1600 тонна дизель отынын сатып алуға келісімшарт жасалуда. Ал ҚР Энергетика министрлігімен дизель отынының төлем уақыты биылғы 31 тамызға дейін ұзартылған. Демек, бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Ойландыратын тұсы, жыл басында «Госагро» порталы арқылы облыстағы 833 шаруашылықтан 6479,5 тонна дизель отынына өтінім түскенімен, егін орағы басталған тұста 3564,7 тоннаға 347 өтінім қабылданған. Ал тасымалдаушы оператор «GASSOILМ.А.» ЖШС 76 шаруашылықпен 1752,5 тонна дизель отынын жеткізіп беруге келісімшарт жасасқан. Бүгінгі таңда 39 шаруа қожалығына 623,6 тонна дизель отыны жеткізілсе, қалғандары келісімшартта көрсетілген уақытта алады.
Осы цифрларға талдау жасап көргенде облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мен оператор «өз міндетін орындап отыр» деп топшылауға болады. Өйткені олар порталға түскен өтінім бойынша сұранысты толығымен орындады. Ал жыл басында портал арқылы өтінім берген шаруашылықтар науқан басталған тұста дизель отынын белгіленген тасымалдаушы оператордан алуға салғырттық танытуда.
Дегенмен, ауыл, қалада, егіс басында жұмыс қызып тұр. Жанар-жағармай жетпей қаңтарылып тұрған техника жоқ. Сонда шаруашылықтар дизель отынын қайдан алып жатыр? Телефон арқылы бірнеше шаруа қожалығымен хабарласып көрген едік, ешкім еш нәрсе айтпайды.
Қажет АНДАС