Биыл Жетісу облысының Алакөл жағалауындағы лагерьде ерекше қажеттілігі бар 160 бала демалмақ. Осыған сай Ақшидегі «Жансая» жазғы сауықтыру орталығы жаңа маусымдағы жұмысын бастаған. Жақында лагерьге демалушылардың алғашқы легі келіп, 16 бала заңды өкілімен бірге орналасқан.
Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың сөзінше, өткен жылы жазғы кезеңде бұл лагерь 127 баланы тегін демалуға қабылдаған. Биылғы жылы 160 баланы 1 заңды өкілімен қабылдап тегін демалту жоспарланып отыр. «Жансая» жазғы сауықтыру лагері 2023 жылы ашылған. Лагерьдің негізгі мақсаты – медициналық, психологиялық, кәсіптік және әлеуметтік оңалту шараларын жүргізу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру және оны әлеуметтік ортаға бейімдеу.
— «Бұл орталық 40 орынға есептелген. Әр баланың демалу ұзақтығы — 5 күн. Балаларды қабылдау I-ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылықты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі оларды Ақши ауылына, лагерьге жеткізуді орталықтың өзі ұйымдастырады», — деді басқармасы басшысы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздегі балалар лагерьлерінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққанда орташа табысы күн көріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тәрбиеленетін жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тағы басқа да көмекке мұқтаж балалар тегін демалуға құқылы.
Тегін демалуға жолдама алу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың білім басқармаларына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш жолдайды.
1) өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);
3) «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – АХАЖ АЖ) мәліметтер болмаған кезде не Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған баланың (балалардың) электрондық нысандағы туу туралы куәлігі немесе оның қағаз жеткізгіштегі көшірмесі;
4)неке қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі (АХАЖ АЖ-да мәліметтер болмаған кезде);
5) «денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген № 071/е нысанына сәйкес сауықтыру лагеріне кететін оқушыға медициналық анықтама (бұдан әрі – №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығы);
6) мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесін өткізуі шарт.
Айдын КӘЛІМХАН