Бүгінде жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту маңызды. Бұл әріптестік қарым-қатынасты кеңейтіп қана қоймайды, білім деңгейіне де әсер етеді. Осы мақсатта облыстық білім басқармасының Әдістемелік орталығы түрлі іс-шара ұйымдастыруда. Соның бірі – жас педагогтар слеті.
Дәстүрлі түрде өтетін білім бәйгесінде аудан жастары әр түрлі бағытта бақтарын сынайды. Жас мамандар сурткерлік һәм тілшілік қырларын ашып, спорттық сайыстарға да қатысады. Мұнда «Жүрегімнен шыққан ән», «Көркемсөз оқу», «MI BATLLE», «Ә.Қастеевтің ізімен», «Асық ату», мобилографтар, тілшілер сайысы және спорттық эстафета ұйымдастырылған. Қатысушылар ортақ топ құрып, әр сайыста жеке-жеке додаға түседі.
«Біз әуелі жас мамандардың қарім-қабілетін шыңдап, түрлі салада бәсекеге шыдамды екенін көрсетуге ұмтыламыз. Бір-бірімен ашық диологқа түсіп, тәжірибе алмаса алады. Тіпті, осы слетта танысып, отбасы болған жастар да бар. Әр аудан өз үздіктерін жібереді. Математика, физика, химия пәнінің мұғалімдері көркөмсөз оқуларына қатысса, жас әдебиетшілер білік күшін тексере алады. Мұндағы сайыстар нақты мамандыққа құрылмаған», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Слетқа облыстың білім беру мекемелерінің 120-дан астам жас педагогі қатысты. Арнайы құрылған сарапшылар жас ұстаздардың жаңашылдыққа деген ұмтылысы мен топпен жұмыс істеу шеберліктерін бағалады. Одан бөлек ұжымдық байланысқа аса мән берді.
Жиын соңында байқау жеңімпаздары облыстық әдістемелік орталығының І. ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Мұрат КҮМІСБЕК





