«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлімдері және облыстық филиал басшыларының қатысуымен селекторлық тәртіпте жиын өткізді. Жиынға Алматы облысынан өңір басшысының орынбасары Жақсылық Омар, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетов және «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Бахтияр Жақсыкелдинов қатысты.
Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен жастар саясатына қатысты мәселелер талқыланды. Отырысты ашып, жүргізген Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінде «Нұр Отан» партиясының қатарында 185 мың жас азамат бар екенін тілге тиек етті. Бұл барлық партия мүшелерінің 18 пайызын құрайды. Биыл Елбасының тапсырмасымен партия Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған және сынақтан сүрінген 55 мыңнан астам түлекке қолдау көрсетіп, олардың жұмысқа орналасуына немесе кәсіби білім алуына жағдай жасап, партияның қамқорлығына алды. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстық және аймақтық филиал басшыларына алдағы уақытта аталмыш жұмысты жаңа форматта жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар ол «Жасыл Ел», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» секілді жастарға қатысты әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру барысына тоқталды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары бірінші кезекте ауылдық жерлердегі жас буынды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударды.
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов жастар саясаты мен «Жас Отан» жастар қанатының жаңа жұмыс тәсілі туралы ойын ортаға салды. «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Данияр Сүндетбаев және облыстық филиалдарының жетекшілері де өз ұсыныстары мен тың жобаларын жеткізді. Шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед партия Төрағасының тапсырмасымен 2018 жылы «Жас Отан» ЖҚ-ның съезін өткізу ісіне назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керектігіне тоқталды. Съезде жаңа стратегиялық құжат дайындалады.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар айтылған ескертпелерді түзету қажеттігі жайлы айта келіп, съезге мықтап дайындалуды тапсырды. Келешекте «Жас Отан» ЖҚ барлық облыстық филиалдарын өңірімізге шақырып, Талдықорған қаласын таныстыру, онда бой көтеріп жатқан жаңа нысандарды аралату жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Мәулен ӘНЕРБАЙ.





