Елімізде айтарлықтай айшықты өрнек тапқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тағы да өрісін кеңейтті. Жетісулық жастар аталған акция аясында экологиялық эстафета бастады. Игілікті іске 100-ден аса белсенді жас қатысып, тотыдай түрленген Талдықорғанның тазалығын қадағалады.
Облыс орталығындағы алаңдарда тазалық жұмыстарын жүргізген жастар қураған шөптерді орып, алқапта шашылып жатқан полетилен пакет пен пластмас заттарды жинады.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары облыс орталығындағы саябақты және оның айналасын кең ауқымда тазартты. 3 тоннадан астам қоқыс жиналып, саябақтың көрінісі мен жағдайын айтарлықтай жақсартты. Акция аясында экология және тұрақты өмір салты бойынша бірнеше шеберлік сабағы өткізілді. Қатысушылар қалдықтарды қайта өңдеу, қоқысты бөлек жинау және экологиялық құрылыс туралы заманауи әдістермен танысты. Балалар үшін экологиялық ойындар мен квесттер ұйымдастырылса, жас өскіндер өз кезегінде табиғатты қорғаудың маңыздылығынан кең көлемде хабар алды.
«Jetysu jastary» КММ-нің ұйымдастыруымен өріс тапқан шараны жергілікті атқарушы орган, қоғамдық ұйымдар белсенді қолдағанын айта кеткен жөн. Олардың көпшілігі экологияны жақсарту бойынша өз жобаларын және тұрғындарға экологиялық әсерді азайту бойынша тиімді шешімдер ұсынды.
Қала тұрғындары ұйымдастырушылар мен волонтерлерге алғыстарын білдіргені де көңілге демеу болды. Мәселен: «Осындай шаралар тек қаламызды жақсартуға ғана емес, адамдарды біріктіруге және экология саласындағы жаңа жетістіктерге ынталандырады», – дейді игілікті істің көзайымы болған шаһар тұрғындары.
Ұйымдастырушылар экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізіп, өзекті мәселелерге назар аударуды және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды жоспарлап отырғанын да тілге тиек ете кеткен абзал деп санадық.
АРДА БИ
Талдықорған қаласы