Қазіргі таңда қоғамда жиі айтылып жүрген өзекті мәселелердің бірі жастар арасындағы жұмыссыздық. Оқуын аяқтаған немесе мектеп бітіріп жатқан көптеген жасөспірім өз болашағына алаңдайды. Себебі диплом болғанның өзінде де, тұрақты жұмыс табу оңай емес. Бұл мәселе, әсіресе, ауыл бозбалалары үшін өзекті болып отыр.
Өскелең ұрпақ – елдің болашағы, мемлекеттің қозғаушы күші. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайы мен еңбекке араласуы тек жеке мәселе емес, ұлттық даму көрсеткіші болып саналады. Егер жас мамандар жұмыссыз қалса, бұл ел экономикасының дамуына да кері әсерін тигізеді.
Бүгінде көптеген жұмыс орындары, тәжірибесі бар мамандарды талап етеді. Ал жаңа ғана оқуын аяқтаған түлектің тәжірибесі жоқ. Осы себепті көптеген жас буын өкілдері жұмыссыз қалып, уақытын босқа өткізіп, кейбірі өз мамандығынан мүлде алыстап кетіп жатады.
Сонымен қатар қазіргі еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкессіздік байқалады. Кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, ал техникалық және цифрлық бағыттағы мамандарға қажеттілік артып отыр. Алайда жасөспірімдердің барлығы бірдей еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделе бермейді.
Ең алдымен, оқушы мен студенттерге оқу кезінде-ақ тәжірибе жинауға мүмкіндік беру қажет . Колледждер мен университеттерде тек теорияға емес, практикаға көбірек көңіл бөлінсе, жас маман еңбек нарығына дайын болып шығады.
Сонымен қатар бойжеткен мен бозбалаларды кәсіпкерлікке баулу маңызды. Әр адам қалаға кетпей-ақ, өз ауылында шағын бизнес ашса, бұл бір жағынан жұмыссыздықты азайтса, екінші жағынан ауылдың дамуына үлкен үлес қосар еді. Ол үшін мемлекет тарапынан қаржылай және білім беру жағынан көбірек қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мысалы, Германия елінде студенттер оқу барысында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Соның арқасында олар оқуын аяқтаған кезде дайын мықты маман болып шығады. Егер осындай жүйе Қазақстанда да толық енгізілсе, жастарға әлдеқайда жеңіл болар еді.
Мұндай тәжірибе тек Германиямен шектелмейді. Көптеген дамыған елдерде дуалды оқыту жүйесі тиімді нәтиже беріп отыр. Сондықтан халықаралық тәжірибені зерттеп, оны ұлттық ерекшелікке сай бейімдеу маңызды.
Бұл мәселені шешуде билік тарапынан нақты әрі жүйелі қолдау қажет. Ең алдымен, жасөспірімдерге арналған тұрақты жұмыс орындарын көбейту маңызды. Әсіресе ауылдық аймақтарда жұмыс орындарын көбейтсе, шағын бизнесті дамытуға басымдық берілсе, жастардың қалаға жаппай көшуінің алдын алуға болар еді.
Бұдан бөлек, жас буынның кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған тегін курстар, қайта даярлау бағдарламалары және кәсіп бастауға арналған жеңілдетілген гранттар мен несиелер қолжетімді болса, көптеген жасөспірімдер мүмкіндік алар еді.
Осылайша жұмыссыздық мәселесін шешуге бір қадам жақындай түсер едік. Осы тарапта Қазақстанда жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жастар практикасы, дуалды оқыту жүйесі, жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар кәсіп бастаймын дегендерге гранттар мен оқыту курстары ұсынылуда. Дегенмен бұл шаралар барлық жастарға бірдей жете бермейді, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажет.
Жұмыссыздық – бір адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, білім беру ұйымдары және өскелең ұрпақ бірігіп әрекет етуі керек. Жас буынға сенім артып, мүмкіндік берілсе, олар елдің дамуына үлкен үлес қоса алады. Болашақ – білімді, еңбекқор ұрпақтың қолында. Әрбір жасөспірім өз қабілетін дамытып, жаңа мүмкіндіктерді іздеуге талпынуы тиіс. Ал қоғам оларға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берсе, еліміздің болашағы нық болмақ. Қоғам мүшелерінің жұмыспен қамтылуы – тұрақты әрі өркендеген Қазақстанның кепілі.
Дана Нұрғали,
Теректі ауылы
Теректі орта мектебі 11 сынып оқушысы
Алакөл ауданы





