Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – малшаруашылығы. Қазақтың табиғатымен терең үйлескен аталған сала – ата кәсібіміз болып саналады. Сонымен бірге ел экономикасын өркендетуде алар асуы биік.
Қазіргі таңда жүйелі жолға қойылып келе жатқан бұл саладағы қызметкерлердің атқарар еңбегі ерен. Себебі, біз үшін адам денінің саулығы қаншалықты қажет болса, төрт түлік саулығының да адамзат үшін маңызы ерекше. Ал мұның бәрі сайып келгенде «Ветеринария» деп аталатын салада қызмет ететін маман иелерінің жұмысына тікелей байланысты екені анық.
Мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Қолда бар төрт түліктің түрлі ауруға ұшырамауын, қауіпті кеселдерге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тыным таппай жұмыс істейтін ветеринар да адам емдейтін дәрігердің жауапкершілігіндей ауыр жүк арқалайды. Олар жан-жануарларда кездесетін түрлі кеселдің алдын алып, ауруын емдейді. Сонымен бірге екпе егіп, қажет болған жағдайда ота да жасайды.
Төрт түліктен алынған ет, сүт сияқты басқа да өнімдердің жарамды немесе жарамсыздығын анықтайды. Азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуы да мал дәрігерінің атқарған ісіне тікелей байланысты. Сондықтан мал дәрігерінің жұмысы – өте жауапты іс. Осы ретте «Ауру – астан» деп бекер айтылмаған. Күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген азық-түлік, соның ішінде ет, сүт таза болса, аурудың да болмайтыны рас. Сау малдың етін жеп, сүтін ішкен адамның денсаулығының мықты болатыны сөзсіз және түрлі аурудан да ада болады.
Ал дені сау адам – қоғамның басты байлығы. Міне, осындай ауыр жұмыста кәсіби біліктілік пен асқан жауапкершілікті арқалап, ауылшаруашылығына сүбелі үлес қосып, сұранысқа ие мамандықтың тізгінін ұстап жүрген абзал жандарды, «Ветеринарлық пункттері бар Панфилов ауданының ветеринариялық стансысы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры Мадияр Мықтыбекұлы бастаған ұжымды және барша әріптестерді 10 шілде – «Ветеринария қызметкерлері күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Ветеринария қызметкерлерінің мәртебесін әлеуметтік маңызды сала қызметкерлерімен теңестірген төл мереке қарсаңында оларға қажымас қайрат, мол күш-жігер, зор денсаулық және ел игілігі үшін жасалған еңбектің адал жемісін көруін тілеймін!
Ақниет БЕГІМБЕКОВ,
Көктал ауылдық округі
ветеринарлық пунктінің
ветеринар дәрігері
Панфилов ауданы





