«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасында Жетісу өңірінің мұғалімдері жоғары нәтижеге қол жеткізді. Білім мен біліктілікті сынға салған байқауда өңір педагогтары жүлделі орындарды иеленіп, кәсіби дайындық деңгейлерін тағы бір мәрте дәлелдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Олимпиада қорытындысы бойынша І орын Талдықорған қаласындағы Қ.Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Толқын Арнаға және Ескелді ауданы, Қарабұлақ орта мектебінің педагог-психологы Айдана Атееваға бұйырды. Жоғары дәрежелі марапат ұстаздардың ізденісі мен еңбегінің лайықты бағасы іспетті.
Жүлделі ІІ орын иегерлері қатарында Алакөл ауданы, М.Мыңбайұлы атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Маржан Асхатқызы, Талдықорған қаласы, Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Өкен Әбілқайыр, сондай-ақ Панфилов ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің химия пәні мұғалімі Талшын Мусахмет бар. ІІІ орын Талдықорған қаласындағы С.Мұратбекова атындағы №9 орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Назерке Қанатқызына табысталды. Жеңімпаз Өкен Әбілқайырдың айтуынша, байқау өте тартысты өткен.
«Бәсеке қызық әрі қиын болды. Жетістікке жету жолында дайындықты күшейттік. Мұндай білім додалары жас мамандарды жаңа биіктерге шабыттандырады», – дейді ол.
Бұдан бөлек, ерекше жетістіктері үшін Алакөл ауданындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы Расоль Сұраған мен Қызылащы орта мектебінің педагог-психологы Ғани Амантаев арнайы грамоталармен марапатталды.





