Жетісу облысының білім басқармасы ауылдық аймақтардағы білім беру ұйымдарының шығармашылық әлеуетін көтеру, озық тәжірибесін қолдау және тарату мақсатында «Үздік ауыл мектебі» облыстық байқауын ұйымдастырды.
Байқау барысында қазылар алқасы үміткер мектептердің соңғы үш жылдағы жетістіктерін саралап, педагогикалық ұжым мен көшбасшылық команданың жұмысын, жаңа идеяларды енгізу мен олардың тәжірибелік құндылығын бағалады. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің электронды портфолиоларындағы оқу-тәрбие үдерісінің нәтижелері, мұғалімдердің кәсіби жетістіктері, оқушылардың табыстары мен білім сапасының көрсеткіштері назарға алынды.
Қорытындысында жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
- І дәрежелі диплом – Алакөл ауданы, «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебі» КММ;
- ІІ дәрежелі диплом – Көксу ауданы, «Қ.Қ.Жалаири атындағы орта мектеп-гимназия» КММ;
- ІІІ дәрежелі диплом – Панфилов ауданы, «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Үшарал орта мектебі» КММ;
- ІІІ дәрежелі диплом – Кербұлақ ауданы, «Қоғалы орта мектебі» КММ.
Сонымен қатар, «Инновациялық жоба» номинациясы Қаратал ауданының «Кальпе орта мектебі» КММ-на табысталды.
Байқауға белсене қатысқан мектептердің ішінде Ақсу ауданындағы Абай атындағы орта мектеп, Сарқан ауданындағы К.Ушинский атындағы орта мектеп және Талдықорған қаласының Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектебі алғыс хатпен марапатталды.
Бұл байқау ауыл мектептерінің тәжірибесін насихаттап қана қоймай, педагогтердің кәсіби дамуына және білім сапасын арттыруға тың серпін берді.
Мұхтар Күмісбек





