Жетісу облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Үздік балабақша-2025» облыстық байқауы өткізілді.
Байқаудың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардың жаңашыл үлгісін анықтау, озық педагогикалық тәжірибені тарату, педагогикалық бастамаларды қолдау және оларды кеңінен насихаттау болды.
«Үздік балабақша-2025» байқауы – мектепке дейінгі ұйымдар үшін өте маңызды шара. Бұл сайыс біріншіден, балабақшалардың өзара тәжірибе алмасуына, екіншіден, үздік әдістемелерді насихаттауға мүмкіндік берді. Әр ауданнан келген ұжымдар шығармашылық қабілеті мен жаңашылдығын көрсетіп, балдырғандарға сапалы тәрбие берудегі ең тиімді тәсілдерді ортаға салды», дейді облыстық әдістемелік орталық директоры Ғалия Мухметова.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр мекеме өзін-өзі таныстырса, одан кейін «Шығармашылық пен шеберлік алаңын» құрды. Онда балабақшалар өздерінің инновациялық, озық тәжірибелерімен бөлісті.
Нәтижесінде үздіктер анықталды: І орынды – Панфилов ауданы «Балдырған» балабақшасы иеленді. Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. ІІ орынға – Талдықорған қаласындағы №45 «Арман» балабақшасы лайық деп танылды. Жүлде қоры – 500 000 теңге. ІІІ орыннан – Қаратал ауданы №97 бөбекжай-балабақшасы көрінді. Жүлде қоры – 200 000 теңге.
Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік инновациялық алаң» – Сарқан ауданы санаторлық тобымен «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы (100 000 теңге).
- «Креативті балабақша» – Көксу ауданы «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасы (100 000 теңге).
- «Ізденімпаз балабақша» – Алакөл ауданы ЖШС «Парасат» бөбекжай-балабақшасы (100 000 теңге).
Бұл байқау мектепке дейінгі ұйымдардың тәжірибе алмасуына, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуіне және жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеруге жол ашты.
Мұхтар Күмісбек





