Жетісу облыстық мәслихатының аппараты тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа бастаманы қолға алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздегі «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өңірде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Негізгі мақсат – қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, интелектуалды орта қалыптастыру және жастардың рухани өрісін кеңейту. Осы орайда облыстық мәслихат аппараты арнайы бекітілген жоспар бойынша марафонға ұсынылған әдебиеттер тізімін саралап, оны оқырмандар арасында кеңінен насихаттауға кірісті.
Қазіргі цифрлық заманда ақпарат тасқыны өте қарқынды. Алайда қысқа видеолар мен әлеуметтік желідегі үстірт мазмұн терең ойлау мен сыни көзқарасты алмастыра алмайды. Зерттеулерге сүйенсек, күніне кемінде 15-20 минут сапалы әдебиет оқу адамның сөздік қорын байытып, күзелісті азайтады әрі мидың белсенді жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, кітапты көп оқитын қоғамда инновациялық идеялар мен әлеуметтік жауапкершілік жоғары болады. Сондықтан бұл бастама тек әдеби шара емес, өңірдің интеллектуалды капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық қадам.
Мәслихат өкілдерінің айтуынша, кітап оқу марафоны өңірдің барлық аудандары мен қалаларын қамтиды. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, мектеп оқушылары мен зиялы қауым өкілдері белсенді түрде тартылуда.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы ұзақ мерзімді оң өзгерістерге жол ашады. Тұрақты түрде кітап оқитын қоғамда азаматтық белсенділік артып, білімді ұрпақ қалыптасады.





