Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде 2026 жылғы еңбек заңнамасына енген өзгерістер мен өңірдегі жұмысшылардың құқығын қорғау бойынша брифинг өтті. Баспасөз мәслихатына Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы міндетін атқарушы Еркін Дәулетұлы қатысып, атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Еңбек қатынастарын реттеу мен заң талаптарының орындалуын қадағалау бойынша департаментке келіп түскен өтініштердің басым бөлігі еңбек кодексінің баптарын түсіндіруге, еңбек дауларына және жұмыс берушінің заңсыз әрекеттеріне негізделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша департаментте 780 өтініш тіркелген. Мұндай көрсеткіш халықтың өз құқығын қорғауға деген ниетінің артқанын нәтижесі.
«Еңбек нарығындағы ең өзекті мәселенің бірі – жалақының кешіктірілуі мен еңбек шартынсыз жұмыс істеу. Еңбек заңнамасының ең көп таралған бұзушылықтары қатарында жалақыны уақытылы төлемеу, жұмысшылардың еңбегін еңбек шартын жасамай пайдалану, еңбек жағдайларын бұзу және өндірістік жарақат алу фактілері кездеседі. Осы бағытта жүргізілген 91 тексерістің нәтижесінде 80 заң бұзушылық анықталды», – деді Еркін Дәулетұлы.
Әсіресе, туризм саласында тер төгіп жүрген мамандар мен маусымдық жұмысшылар үшін еңбек шартының маңызы өте жоғары. Себебі, ресми құжаттың болмауы жұмысшыны әлеуметтік қорғаныссыз қалдырып, жалақыны өндіріп алу мүмкіндігін қиындатады. Департамент жүргізген инспекциялық тексерулердің арқасында 16 кәсіпорынның 272 жұмысшысы алдындағы 193,1 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы анықталып, бүгінгі таңда еңбекақы толықтай төленді.
«Жалақы бойынша берешегі мен еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына шұғыл орындауға міндетті 49 ұйғарым берілді. Сонымен қатар, заң бұзушыларға 10 млн 100 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыс кәсіпорындарында 31 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 34 жұмыскер түрлі деңгейде зардап шеккен. Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау талаптарын сақтамаудың арты қайғылы жағдайларға соқтырады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында өңірде 164 семинар және БАҚ өкілдерімен бірлескен 5 брифинг ұйымдастырылды», – деп атап өтті спикер.
2026 жылдың басынан бері 226 өтініш тіркеліп, 16 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қазірдің өзінде 19 заң бұзушылық фактісі анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Бұзушылықтарды жою мерзімімен 8 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 260 000 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Жетісу облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті атқарып жатқан жұмыстардың мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы ашық әрі әділ қатынасты қалыптастыру. Әрбір маман, қызметкер өз құқығының қорғалатынын сезінуі тиіс. Еңбек заңнамасына енген өзгерістер мен бақылау шаралары келешекте жасырын еңбек нарығын азайтуға және әр адамның лайықты еңбекақы алуына жол ашады.
Мәулен Әнербай





