Соңғы жылдары жолдар мен жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай жасалып, көшелер жарықтандырылды. Тұрғындар табиғи газбен де қамтылып, елді мекендерде ауызсу құбырлары жаңартылуда.
Былтыр Жаркент өңіріндегі жолдарды жөндеу жұмысы жауапкершілікпен атқарылды. Мемлекеттен бөлінген қаржыны уақытылы игеріп, жасалған жолдардың сапасы талапқа сай болуын аудан әкімі өзі қадағалап отырды. Жаркент қаласының 1 көшесіне 28,3 млн. теңге жұмсалып, электр жарығымен жабдықталды. Өңірдегі басқа да елді мекен көшелерін жарықтандыру назардан тыс қалған жоқ.
Нәдек, Үшарал, Ақжазық, Алмалы, Әулиеағаш, Жаркент-Арасан ауылдарының 8 көшесіне 192,5 млн. теңгеге 452 жарық шамдары орнатылды. Қоңырөлең, Атамекен, Сарыбел, Үшарал, Айдарлы, Әулиеағаш, Еңбекші, Басқұншы, Көктал ауылдарындағы Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан майдангер жерлестерге қойылған ескерткіштер 30,3 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. «Жаркент Мешіті көркем сәулет мұражайы» маңына келушілер серуен құратын «Арбат» жасалып, көркейтілді.
Қаладағы Головацкий көшесінің Жібек жолы – Масаншы көшелері аралығындағы бөлігі де абаттандырылды. Жібек жолы даңғылының шығыс бөлігі де жасалуда. Атамекен ауылындағы орталық саябақ 17,6 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. Жаркент қаласында көпқабатты 4 үйдің ауласы 49,9 млн. теңгеге жөнделді.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту бағытында жыл сайын жөнделіп, жаңартылады. Былтыр Көктал ауылынан «Алматы-Қорғас» республикалық маңызы бар жолына шығатын 15 шақырымы және Көнбе асуындағы көпір, «Сарыөзек-Көктал» бағытындағы 110-178 шақырым жол бөлігі толық жөнделді. Бүгінде 20-дан аса су өткізгіш құбырлар, апаттық жолдар, асфальтбетон жабындының төменгі және жоғарғы қабатын орнату, жол жиектерін нығайту толық ретке келді. Қойбын шатқалындағы көпір кеңейтіліп, Шолақсу өзенінің сел орған жол жиектері қалпына келді.
Қоңырөлең және Ақжазық ауылдарындағы учаскелер абаттандырылып, жарықтандырылды. Облыстық маңызы бар Жаркент-Сарыбел автожолының 4 шақырымын орташа жөндеу аяқталды. Басқұншы ауылына кіреберіс жолын күрделі жөндеу биыл бітпек. Аудандық маңызы бар Ынталы ауылының 11,77 шақырым кіре беріс жолын күрделі жөндеу аяқталуға таяды. Жаркент қаласының 2 көшесін күрделі жөндеу жыл соңына дейін бітеді.
Жаркент, Әулиеағаш, Басқұншы елді мекендерінің көше жолдарының 13,8 шақырымын орташа жөндеуге 441,5 млн. теңге бөлініп, 6,7 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Сегіз елді мекеннің 16 көшесіне 214,3 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жаркент қаласының көшелері мен аудандық маңызы бар жолдардың ойық жерлеріне 35,3 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жасалды.
Биыл да өңірдегі елді мекендерде жол жөндеу мен көшелерді жарықтандыру жалғасады. Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол жиектеріне тақталар қоюға ерекше мән берілмек. Бұл жұмыстың біразы көктемгі тазалық айлығында бастау алады.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





