Алакөлге жолаушылар тасымалын теміржолмен тұрақты қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе.
Соған байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері туризм саласындағы кәсіпкерлермен кездесті. Оған өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев қатысты. Ұйымдастырушылар жазғы маусымда Алакөлге келетін туристердің көбейетінін айтты.
Кәсіпкерлер де өз ұсыныс-тілектерін жеткізіп, темір жол билеттерінің тапшылығы мәселесін көтерді. Яғни, бұл демалушылардың жазғы демалысын жоспарлауға кедергісін тигізбек. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері Алакөл көлі бағытында Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 12 бағыт жүретінін мәлім етті. Атап айтқанда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары 10 бағыт бойынша қатынайды.
Ұлттық компания жолаушыларға 270 мыңнан аса орын береді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 мыңға артық. Мұндай кездесу «ҚТЖ» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың төрағалығымен Алматы қаласында да өтті. Онда туризм саласының өкілдері жазғы маусымда жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарын алға тартты.





