Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бір топ белсенді ұстаздармен арнайы кездесу өткізді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Бұл туралы QazBilim ұлттық лицейінің басшысы Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желіде жазды.
«Кеше су жаңа оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова бір топ ұстаздармен жолығып, пікір алмасты. 3,5 сағатқа созылған кездесуде ұстаздар ішіндегісін бүкпесіз айтты. Қозғалмаған тақырып болған жоқ. Мектептегі директор шешетін мәселеден бастап, президент қана шеше алатын дүниелерге дейін талқыланды», – деп жазды ол.
Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, министр кездесуде өзіндік көзқарасын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөліскен.
«Беталыс жақсы, мықты команда болса біраз тірлік атқарылады деп сенемін. Елдің болашағы үшін ең маңызды саланың жүйелі дамуы әр ұлтын сүйер азамат үшін маңызды. Сондықтан, осы бағытта еңбек етіп жүрген барша ұстазға сәттілік тілеймін», – деді ол.
Кездесу барысында білім саласындағы өзекті мәселелер, мектептердегі басқару жүйесі, мұғалімдердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайы жайлы ашық пікірталас өтті.





