Елімізде еңбек нарығын реттеу және жұмысқа орналасу процесінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды бағыттардың бірі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкердің кәсіби біліктілігін және тапсырылған жұмысты сапалы атқара алатынын бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Дегенмен осындай кезеңде де азаматтардың еңбек құқықтары толық сақталуға тиіс. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде көрсетілуі қажет. Егер еңбек шартында осы талап болмаса, қызметкер сынақ мерзімінсіз жұмысқа қабылданған болып есептеледі.
Әдетте сынақ мерзімі 1-3 айдан аспауы қажет. Ал кейбір қызметкерлер үшін, атап айтқанда ұйым басшылары мен олардың орынбасарларына, бас бухгалтерлер мен филиал директорларына 3-6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленуі мүмкін. Ең бастысы, қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап заңда көзделген барлық негізгі еңбек құқықтары мен кепілдіктеріне толық ие болады.
Осы орайда, сынақ мерзімі кезінде қызметкердің мынадай құқықтары бар:
-
Жалақыны уақытылы әрі толық көлемде алу;
-
Белгіленген жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің сақталуы;
-
Қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеу;
-
Еңбек заңнамасында қарастырылған әлеуметтік кепілдіктерді пайдалану;
-
Өзінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Медиа кеңістікте жиі талқыланатын өзекті сұрақтардың бірі – сынақ мерзімі кезінде жұмыс берушінің жалақыны азайту мүмкіндігі. Мамандардың түсіндіруінше, сынақ мерзімінің белгіленуі еңбекақыны өз бетінше төмендетуге негіз бола алмайды. Еңбекақы мөлшері еңбек шартында нақты көрсетіледі және заң талаптарына толық сай болуы тиіс. Мәселен, азамат жұмысқа 1-3 айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның сынақтан өтіп жатқанына сілтеме жасап, келісілген жалақысын өз бетінше азайта алмайды.
Егер сынақ нәтижесі бойынша жұмыс беруші қызметкердің тапсырылған жұмысқа сәйкес келмейді деген қорытындыға келсе, еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұза алады. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерге еңбек шартын бұзатынын алдын ала жазбаша хабарлап, сынақ нәтижесінің неліктен қанағаттанарлықсыз деп танылғанын негізді түрде түсіндіруге міндетті. Яғни сынақ мерзімінде жүрген қызметкерді жұмыс беруші өз қалауынша, ешқандай себеп түсіндірместен немесе заңда белгіленген тәртіпті сақтамай жұмыстан шығара алмайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының ажырамас бөлігі екенін еске салады. Осы кезеңде де қызметкердің еңбек құқықтары мен заңда көзделген кепілдіктері сақталады. Аталған ережелерді қатаң сақтау кадр тұрақсыздығын азайтып, еңбек қатынастарындағы әділдікті қамтамасыз етеді. Сондықтан жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын мұқият оқып шығып, сынақ мерзімінің ұзақтығына, жалақы мөлшеріне және еңбек жағдайларына ерекше назар аударған жөн.





