Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді үлес қосты.
Шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұжымдары, жастар мен еріктілер қатысып, туған жердің тазалығына бейжай қарамайтындарын көрсетті. Ауқымды тазалық жұмыстарына аудан бойынша 2450 адам, 75 бірлік техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды жинап, ағаштардың түбін әктеді. Көгалдандыру, абаттандыру істеріне де көңіл бөліп, Үшарал – Достық республикалық тасжолы бойын түрлі қоқыстан тазартты.
Көпшіліктің жұмыла атқарған істерінің арқасында аудан аумағында жалпы 196 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Нәтижесінде елді мекендердің көркі кіріп, айтарлықтай жақсарды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, мұндай шаралар тек тазалықты сақтау ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Жергілікті тұрғындар да бұл игі бастаманы қолдап, табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Мен туған жеріміздің әрдайым таза, көрікті әрі жайлы болғанын қалаймын. Біз табиғатты тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де сақтап, айналамызды ластамауға дағдылануымыз қажет. Мұны әр адам өзінен бастап, кішкентай болса да үлес қосса, үлкен өзгеріске қол жеткізе аламыз. Болашақ ұрпаққа таза әрі әсем Қазақстанды аманат ету – біздің ортақ міндетіміз, – дейді аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Алтынай Әзімханова.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы барлық өңірде өткізіліп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастамалар жалғасын тапты.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Үшарал қаласы,
Алакөл ауданы





