Жер-ананың жүрегін ұғынған жұрттың тірлігі тіршілік пен табиғатқа жанашырлықтан басталады. Көктемнің шуағы төгілген жетісулықтар бір кісідей жұмылып, жер-жерді тазалап, жасыл желек егудің игі ісіне атсалысты. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен сенбілікке өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан 15 мыңнан астам адам қатысып, қоршаған ортаға деген қамқорлық пен елдік сезімнің айқын көрінісін байқатты.
Айналаны ажарландыруға бағытталған ауқымды шараға ауыл-аймақ тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын ұжымдары, коммуналдық сала мамандары, еріктілер мен экобелсенділер, үкіметтік емес ұйым өкілдері бір кісідей атсалысты. Тазалық акциясы бір күндік науқанмен шектелмей, елдік дәстүрге айналып келе жатқаны осыдан аңғарылады.

Сенбіліктің негізгі ошақтарының бірі Талдықорған қаласындағы «Қаратал» шағынауданында орналасқан Жетісу университеті жатақханасы маңы болды. Мұнда облыс әкімі Бейбіт Исабаев жастармен бірге ағаш отырғызып, жасыл желекті көбейтуге үлес қосты. Барлығы 50 қылқан жапырақты көшет егілді.
Жасыл желек жайқалған жерде тіршілік те түлейді. Көшет отырғызу сәтінен кейін өңір басшысы жастармен жүздесіп, бүгінгі заманның беталысы туралы ой бөлісті. Өңір басшысының айтуынша, цифрлық дәуірде білім мен технологияны игеру, өзін-өзі жетілдіру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау жас ұрпақтың басты мұраты болуы тиіс.

Сенбілікке қатысқан жастар да бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Медициналық колледж студенті Сабина Нұрахмет тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына тұрақты қатысатынын айтты.
– Біз әр сенбі сайын осындай қоғамдық шараларға қатысамыз. Бүгін тал егіп, аумақты тазалап, жасыл желекті күтуге үлес қостық. Табиғатқа қамқорлық жасау – әрқайсымыздың борышымыз, ал оның көркі мен тазалығы біздің болашағымызға да әсер етеді. Болашақта да осы көшетке суарып, күтім жасауға белсенді атсалысамыз, – дейді.
Қалалық деңгейде де жұмыс қарқынды. Оған дәлел Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, көктемгі екі айлық аясында Талдықорғанда 11 сенбілік өткізу жоспарланған. Бүгінгі шараның өзіне 3 мыңға жуық адам қатысып, 40-тан астам техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында 2000 дана шаруашылық құралдары таратылып, 44 арнайы техника іске қосылды. Нәтижесінде 238 тонна қоқыс шығарылды. Бұл – бір күндік еңбектің салмағын айқындайтын көрсеткіш.
Жасылдандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл Талдықорғанда 13 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған: оның 2 мыңы көктемде, 11 мыңы күзде егіледі. Қазіргі таңда 200-ден астам көшет жерсіндіріліп, қалғаны сәуір айының соңына дейін отырғызылмақ. Ең бастысы егілген тал күтімсіз қалмайды, әрбірі бақылауда.
Жалпы облыс бойынша сенбілікке 15 мыңнан астам адам қатысып, 225 техника тартылды. Елді мекендерде 8 мыңнан аса ағаш егілді. Соның ішінде 6800-і жапырақты, 1426-сы қылқан жапырақты көшеттер.
Ауыл тұрғындарының белсенділігі де ерекше. Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылының тұрғыны әр сенбі сайын ауыл тазалығына үлес қосатынын айтып, туған жердің көркеюі әр азаматтың ниетіне байланысты екенін жеткізді.
Өңірде экологиялық бастамалар мұнымен шектелмейді. 23 наурызда басталған «7 OZEN» акциясы аясында Ақсу өзені бойында 700-ге жуық адам тазалық жұмыстарын жүргізіп, 200 түп ағаш отырғызды. Мұнда 6 техника жұмылдырылған.

Жыл басынан бері облыс көлемінде санитарлық тазалық шараларына 37 мыңнан астам адам қатысып, 576 техника іске қосылды. Соның нәтижесінде 3,9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 19,9 мыңға жуық ағаш егілді.
Қаланың көркін кіргізетін инфрақұрылымдық жобалар да қатар жүзеге асуда. Қаратал өзені жағалауында 9 гектар аумаққа автоматты суару жүйесі орнатылып жатыр. Жобаны «Камила» ЖШС жүзеге асыруда. Қазір жұмыстардың жартысы аяқталған.
Сол сияқты Жастар паркі аумағында да жаңбырлатып суару жүйесі енгізілуде. Мұнда 20 жұмысшы мен 12 техника тартылып, жоба межеленген мерзімнен бұрын аяқталуы жоспарланған.
Тазалық – сенбілікпен шектелетін шаруа ғана емес, ол сана мен мәдениеттің көрінісі. Жетісу жұртының жұмыла атқарған еңбегі табиғатқа деген құрметтің, туған жерге деген іңкәрліктің айғағына айналып отыр.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





