Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы 821,1 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.
Министрліктің дерегінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 168,3 мың адам жолданған. Оның ішінде:
– әлеуметтік жұмыс орындары – 13,4 мың адам
– жастар практикасында – 29,1 мың адам
– қоғамдық жұмыстарда – 99,9 мың адам
– «Күміс жас» жобасы – 18,7 мың адам
– «Алғашқы жұмыс орны» – 6,9 мың адам
– «Ұрпақтар келісімшарты» – 315 адам
Әлеуметтік осал топтарға шағын кәсіп ашуға берілетін мемлекеттік гранттар да бөлінді. Жыл басынан бері 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) көлемде 9 239 грант табысталды.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқыту арқылы 59,2 мың жұмыссыз тартылды. Оның 53,5 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 50 мың адам кәсіпкерлік негізіне оқытылып, олардың 27,6 мыңы оқуын тәмамдады.
Жұмыс берушілердің өтініші негізінде кәсіптік оқытуға 9 161 азамат жіберіліп, 6 375-і оқуын бітірді. Курстан өткендердің 6 118-і кейін тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, қызмет саласын таңдауда көмек көрсету мақсатында кәсіптік бағдар орталықтарында 363,2 мың адам кеңес беру қызметтерін алған.
Министрлік нақты жұмысқа орналасу фактісі міндетті зейнетақы жарналары арқылы расталатынын атап өтті.
2025 жылдың 1 желтоқсанына қарай жалпы 821,1 мың адам жұмысқа тұрған. Оның ішінде:
– жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы – 177,5 мың адам
– Электрондық еңбек биржасы арқылы – 209,8 мың адам
– Президент бастамасы «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» аясында – 394,8 мың адам
– орталық мемлекеттік органдардың жобалары арқылы – 39 мың адам





