Қазақстанда еңбек заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 494 кәсіпорнында жалақы бойынша берешек мәселесін анықтады.
Аталған кәсіпорындарда 10,4 мыңнан астам жұмыскерге 2,6 млрд. теңге көлемінде еңбекақы төленбей келген. Жүргізілген тексерулер барысында 8 мыңға жуық еңбек құқығын бұзу фактісі тіркелді.
Бұзушылықтарға жол берген жұмыс берушілерге 3 781 ұйғарым берілді. Сонымен қатар 470,7 млн. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде, оның ішінде жалақы қарызын өтеудің нақты кестелері мен мерзімдерін белгілеу арқылы 10,1 мың жұмыскердің құқығы қорғалды, оларға 2,2 млрд. теңге төленді.
Министрліктің хабарлауынша, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау ерекше назарда. 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін мемлекеттік инспекторлар 5 886 тексеру жүргізген. Оның нәтижесінде 7 902 бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
-
еңбек саласына қатысты – 6 362,
-
еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша – 1 495,
-
халықты жұмыспен қамту бойынша – 45 жағдай.
Жалпы қабылданған шаралар арқылы 45 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.





