Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 20-шы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жүлде сарапқа түскен алғашқы күннен бастап алтын олжалады. Күн сайын қуанышты хабар елге сүйіншілей жетіп, мерейді өсіріп жатыр. Жетісулықтардан алғаш болып жүлде алған – Евгений Федоров. Ол тасжолдағы топтық жарыста ұлттық құраманың лидері Алексей Луценкодан (4:13:11) 1:58 уақытына қалып, күміс медаль алды. Ханчжоуда өткен (2022 жыл) Азия ойындарында Евгений Федоров (4:25:29) алтын алған еді.
Велоспортта келісе отырып тактикалық тұрғыда командаласын алға оздырып, болмаса ірке-тіркес келе жатқандардың арасынан лидердің сытылып шығуына жағдай жасап, ұжымдық ауызбіршілік көрсетеді. Осы жолы ұлттық құрамадағы велошабандоздар Алексей Луценконың алға озып, мәреге қара үзіп жетуіне барынша көмектесті. Естеріңізде болса, өткен Азия ойындарында (2022 жыл) Луценко бірінші келе жатып артына ілескен Федоровты мәреге жақындағанда күтіп, сызықты бірге кесіп өтіп еді. Тиісінше, Азия ойындарына сол кезде алғаш қатысқан жас Федоровқа 1-орын жазылып, күмісті Луценко қанағат қылған. Бұл жолы 24 жастағы Николя Винокуров (7-орын; +6:16) пен Федоров команда көшбасшысының алтын алуына септігін тигізді.
– Бүгінгі міндетіміз көшбасшыға көмектесу еді. Командалық жұмысымыз өте жақсы болды. Соңғы айналымның алдындағы кезеңде Алексей өрге көтерілгенде шабуыл жасап, кейін төмен қарай түскенде алға ұзап кетті. Жалпы, өзімнің дайындығым жақсы болды. Бұған дейін командамен бірге «Вуэльтаға» қатыстық. Барлығы ойдағыдай өтті. Соңғы үш күнде жақсы дайындалу үшін жаттығуды азайттым, – деді өз сөзінде Евгений Федоров.
Бұл 34 жастағы Алексей Луценконың жалпы Азия ойындарындағы алтыншы алтыны. Бәсеке тарихындағы ең көп чемпион атанған отандасымыз. Ол Инчхонда (2014) – 1 алтын, Жакартада (2018) – 2 алтын, Ханчжоуда (2022) – 1 алтын және Аичи-Нагояда (2026) 2 алтын алды. Тұғыр биігінде тұрған Луценко бұл ұлттық құрамадағы соңғы жарысы екенін айтты.
– Рекорд туралы айтатын болсақ… Мен өз міндетімді орындадым. Азия ойындары да, Олимпиада да төрт жылда бір рет өтеді. Қазақстан азаматы ретінде мен осы жарыстарға дайындалдым. Мен үшін қандай да бір рекорд немесе жетістік қуалау маңызды емес. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым, еліме медаль сыйладым. Ең маңыздысы – осы. Алдағы уақытта мансабымды аяқтауды жоспарлап отырмын. Бұл шешімді былтырғы жылдың соңында қабылдаған едім. Уақыт өтіп жатыр. Велоспорт та өзгеруде. Азия ойындарында 6 алтын медаль жеңіп алдым, ең ірі көпкүндік жарыс кезеңдерінде топ жардым. Үлкен спортта 15 жыл бойы қол жеткізген жетістіктерімді мақтан тұтамын, – дейді Алексей Луценко.
Серік ҚАНТАЙ





