АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы аясында әлемдік мұнай бағасы қайта көтерілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Сауда-саттық деректеріне сәйкес, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері 14,57 пайызға қымбаттап, барреліне 100 доллардан асты.
Ал WTI маркалы мұнайдың сәуір айындағы фьючерстері 14,06 пайызға өсіп, барреліне 95,18 долларға дейін жетті.
Айта кетейік, 9 наурыз күні Ирандағы қақтығыстың күшеюі аясында әлемдік мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асқан. Кей сәттерде Brent маркасының құны 116-119 доллар аралығындағы ең жоғары көрсеткіштерге дейін көтерілген.
Сарапшылар мұнай бағасының күрт өсуін Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай тасымалының бұғатталу қаупімен байланыстырады.
Алайда 10 наурызға қарай мұнай бағасы біршама төмендеп, бір баррель үшін 95 доллардан төмен түсе бастады.





