Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының қарсаңында халықаралық спорт аренасында үлкен саяси текетірес орын алды. Батыстың 10-нан астам елі, соның ішінде Украина, Германия және Канада бастаған мемлекеттер дүбірлі доданың ашылу салтанатына бойкот жариялайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы DW басылымына сілтеме жасап.
Мұндай кескінді қарсылыққа Ресей мен Беларусь спортшыларының өз ұлттық туларымен жарыс жолына шығуына рұқсат берілуі себеп болған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, алдағы қысқы Паралимпиадаға Ресейден алты, ал Беларусьтен төрт спортшы қатысады деп жоспарлануда. Айта кетерлік жайт, 2025 жылдың қыркүйегінде Халықаралық паралимпиада комитетінің (IPC) Бас ассамблеясы бұған дейін тоқтатылған екі елдің мүшелігін қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған еді.
Спорттық арбитраждық соттың (CAS) 2025 жылғы желтоқсандағы қаулысы жағдайды одан әрі ушықтырды. Сот Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясының (FIS) шектеулеріне қатысты апелляцияны ішінара қанағаттандырып, паралимпиадашыларға бейтарап мәртебесіз, яғни ұлттық рәміздерін қолдана отырып қатысуға жол ашты. Бұл қадам Украинадағы соғысқа байланысты қатаң санкцияларды қолдайтын мемлекеттердің наразылығын тудырып отыр.
Бойкот жариялаған елдердің өкілдері мұндай шешім халықаралық спорттық этика мен бейбітшілік қағидаттарына қайшы келетінін алға тартуда. Қазіргі уақытта Паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті мен халықаралық федерациялар арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр. Дегенмен, саяси ахуалдың шиеленісуі спорттық шараның салтанатты бөлігіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.





