Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 35-ке жуық спортшы қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Бейжіңде өткен ақ Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғаған болатын. Қазіргі таңда ұлттық құрама қоржынында бірнеше маңызды лицензиялар бар. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров жекелеген жолдамаларға ие болса, шорт-тректен 9, ал конькимен жүгіруден 12 лицензия қамтамасыз етілген.
Қазақстан құрамасы жалпы саны 10 спорт түрінен бақ сынап, 58 медаль жиынтығы үшін таласады деп күтілуде. Олардың қатарында биатлон, шаңғы жарысы, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шаңғымен секіру және тау шаңғысы секілді пәндер бар. Министрдің айтуынша, елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1 262 ғимарат жұмыс істеп тұр, бұл бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Миландағы Олимпиада ойындары 2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 116 марапат жиынтығын сарапқа салады. Ашылу салтанаты 6 ақпанда Миланда өтсе, жабылу рәсімі 22 ақпанға Верона қаласына жоспарланған. Алғашқы болып конькимен жүгірушілер мен шаңғышылар жарыс жолына шығады.





