Қысқы Олимпиада ойындарының алтынын араға 32 жыл салып елімізге сыйлаған Михаил Шайдоровтың жеңісінен кейін ақпарат айдынында оның айлығы және оған көрсетілген қолдаудың бағасы ашық айтылып, спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов та, оның орынбасары Серік Жарасбаев та біраз мәліметті жайып тастаған. Бұл деректерді көрген Михаил Шайдоров ренжіді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрлік Олимпиададан кейін «2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді», – деген ресми мәлімет жариялады.
Одан кейін спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев: «Менің ойымша, мемлекет қолдауынсыз Олимпиада немесе халықаралық жарыстарға шығу мүмкін емес. Барлық спортшылар, соның ішінде Михаил Шайдоров Спортты дамыту дирекциясында есепте және штаттық ұлттық құраманың құрамына кіреді. Олардың оқу-жаттығу жиындары, жарыстарға шығу шығындары өтеледі және келісімшарт бойынша жалақы төленеді. Егер қателеспесем, Олимпиадаға дейін Михаилдың келісімшарты бір миллион теңгеден сәл көп болған. Ал өткен жылы ол шамамен айына 1,5 млн теңге жалақы алған», – деп айтқаны Ulysmedia.kz порталында жарияланды.
Tengrinews.kz сайтына экслизювті сұхбат берген Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров: «Менің жалақым жөніндегі құпия ақпараттың ашық айтылуы көңілімді түсірді. Ойымша бұл мені әуелі адам одан кейін спортшы есебінде құрметтемеу деп білемін. Бұл – менің бағдарламамның, костюмдерімнің ақысы төленген алғашқы маусым. Жеке дәрігерім іске кіріскен бірінші маусым. Төрт құрлық чемпионатындағы күмісімнен кейін ғана спортты дамыту дирекциясына барып, жалақымды көтеруді, бапкерімнің жалақысын өсіріп, бірнеше мамандарды штатқа алуды өтіндім. Менің жалақым аз болды және көтеру жөнінде ұзақ айттым. Маған мамандардың қызмет ақысын төлеп, костюмдер сатып алу қажет еді. Мен үшін ақша – өсуіме мүмкіндік беретін құрал. Маған тек Олимпиадалық маусымда ғана қолдау көрсетілді. Алған барлық қаражатты мен тек дайындыққа бағыттадым. Бұған ешқандай күмән болмауы тиіс. Ал қазір бұл министрлік маған алтын медаль үшін есепшот ұсынғандай болып көріне ме? Бұлай болмауы керек. Ата-анам мен меценаттар 15 жыл бойы маған қаражат беріп келді, бірақ оны ешкім есепке алмайды», – деді.
Одан бөлек спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов болса қысқы Олимпиадаға бөлінді деген қаражат жөнінде: «Бүгінде ел ішінде «бір алтынның құны 13 миллиард теңге ме?» деген сөз жүр. 13 миллиард теңге тек спортшыларды Олимпиада ойындарына дайындауға жұмсалған жоқ, бұл 20 өңірде қысқы спорт түрлерімен балалардың айналысуына жұмсалды», – деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров биыл Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында жалпы 291.58 ұпай алып (мәнерлеп сырғанаушының жеке рекорды), жеңімпаз атанған болатын. Шайдоров 1994 жылы Лиллехамерде Владимир Смирновтан кейін араға 32 жыл салып Қазақстанға алтын медаль алып берді. Олимпиада чемпионы елге келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, оның бапкері Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен және мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Әсем Қасанованы «Құрмет» орденімен марапаттады.





