Қазақстандық дзюдошылар Аустрияда өткен халықаралық Grand Prix турнирінде екі жүлдеге қол жеткізді. Қоржында бір алтын және бір қола медаль бар. Осы нәтижемен ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 7-орынға тұрақтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Жарыстың алғашқы күнінде 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шерзод Давлатов қола жүлдені иеленіп, үздік үштікке енді. Ал 81 келіде татамиге шыққан Әділет Алмат барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Бұл – спортшының Grand Prix санатындағы алғашқы чемпиондығы.
Айта кетейік, Аустрияда ұйымдастырылған бұл халықаралық додаға 59 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысқан. Қазақстан намысын аталған турнирде 20 дзюдошы қорғады.
Сонымен қатар қазақстандық үш боксшы әлемдік рейтингтің үздік ондығына енді. BoxRec.com порталының мәліметінше, ерлер арасында жеңіл салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан рейтингтің көшін бастап тұр. Екінші орынға тағы бір қазақстандық Сәкен Бибосынов жайғасқан. Ал үшінші саты ресейлік былғары қолғап шеберіне тиесілі.
Әйелдер арасындағы рейтингте Назым Қызайбай жетінші орынға көтерілді. Қазіргі таңда бұл салмақта қытайлық спортшы бірінші, ирландиялық боксшы екінші, ал Солтүстік Корея өкілі үшінші орында тұр. Бұдан бөлек, әйелдер арасындағы алғашқы елу спортшының қатарына тағы төрт қазақстандық енді. Алуа Балқыбекова – 11-орында, Аида Әбікеева – 20-сатыда, Виктория Графеева – 22-орында, ал Наталья Богданова – 35-орында орналасқан.
Ал теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның кезекті қарсыласы белгілі болды. Әлемнің үшінші ракеткасы саналатын қазақстандық спортшы АҚШ-та өтіп жатқан турнирдің үшінші айналымында украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Қарсыласы әлемдік рейтингте 28-орында тұр. Мамандардың пікірінше, бұл матчта Рыбакина айқын фаворит саналады. Екі теннисші бұған дейін төрт рет кортта жолыққан: оның үшеуінде қазақстандық теннисші жеңіске жетсе, бір кездесуде қарсыласына жол берген.





