Талдықорғанда алғаш рет триатлоннан республикалық турнир өтті. Оған 150-ден астам спортшы қатысты.
Турнир ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спортты дамыту дирекциясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Қазақстан триатлон федерациясы» қоғамдық ұйымының мұрындық болуымен өтті. Жарыстың мақсаты – Қазақ-станда триатлонды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, қазақстандық кәсіпқой спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің шеберлігі мен біліктілік деңгейін арттыру.
Жарыстың бірінші күнінде элиталық, U23, U19 және U17 санаттарының спортшылары өнер көрсетті. Екінші күні «TEMIRADAM» кубогының ІІ кезеңі өтті. Онда Pro и Age Group тобындағы спортшылар бақ сынады. Сондай-ақ, 750 м. жүзу, 20 км. веложарыс және 5 шақырым жүгіруден нашар көретін атлеттер арасында ел біріншілігі өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша «Pro» санатындағы қыздар арасында «ERG Team» клубының өкілдері қарсылас шақ келтірмей, жеңістің желкенін көтерді. Жүлделі үш орын да осы команданың еншісінде қалды. Атап айтсақ, 1-орынды Екатерина Шабалина (0:56:04), 2-орынды Юлия Озерова (0:58:25), 3-орынды Надежда Бекмағанбетова (0:58:27) жеңіп алды.
Ерлер арасында Дарын Қонысбаев (0:49:24) топ жарса, Егор Крупяков (0:49:36) күміс, Александр Тен (0:49:52) қола жүлдені қанжығасына байлады.
Әйелдер арасында Павлина Ковалева (0:58:31) ең жылдам болды. Эстафеталық командалар арасында бірінші орынды Алматы қаласының «УБТ» командасы (0:53:36) иеленді.
Аталмыш жарыс енді 11-12 маусымда Алакөл ауданында өтеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





