Әр бала білімде, өнерде, спортта белгілі бір жетістікке жетіп, ата-анасын, ұстаздарын қуантсам дейді. Менің биылғы жетістігім Нұр-Сұлтан қаласында өткен көпжанрлы «Магия искусства» Халықаралық байқауында «көркемсөз» номинациясы бойынша Күләш Ахметованың «Сен қазақсың!» өлеңін мәнерлеп оқып, 1-орын алып, дипломмен марапатталғаным болды.
Жетекшім Алмагүл Бақытжанқызы мені бар ықыласымен дайындағанның нәтижесінде жеңіске жеттім деп ойлаймын. Киелі сахнаға шығарда аздап қобалжу болды. Бірақ қанша қобалжысам да өлең мені рухтандырды. Өйткені, Ресейден және басқа елден балалар қатысқандықтан, ұлтыма деген намысым оянып, жігерлене оқып шықтым. Маған қолдау көрсетіп, байқауға жіберген ата-анама алғысым шексіз.
Байқауға Оқушылар сарайының «Мұрагер» домбырашылар ансамблі де қатысып, бас жүлдені иеленді. Оларға Чехияға 50 пайыздық жолдама табысталды. Ансамбльдің күй ойнағанын алғаш рет естіп, керемет әсер алдым. Домбыраның үні әлі құлағымнан кетер емес. Балалармен танысып, бәріміз бірге қыдырдық. «Бәйтерекке», «Хан шатырға» және «Нұр-Астана» мешітіне бардық. Осылайша еліміздің астанасы Нұр-Сұлтаннан талды қалаға толайым жеңіспен, қуанышпен оралдық!
Нұршат ЖЕҢІСБАЙ,
Оқушылар сарайының жеткіншегі





