«Жетісу» волейбол клубы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан клубтар арасындағы әлем чемпионатында екінші кездесуін өткізіп, Перудің «Альянца Лима» командасынан 1:3 (26:24, 21:25, 23:25, 24:26) есебімен жеңілді. Ойын аса тартысты өтті.
Талдықорғандық команданың үздік ойыншылары:
• Мария Фролова – 17 ұпай (16 шабуыл, 1 эйс);
• Кристина Аниконова – 15 ұпай (9 шабуыл, 5 блок, 1 эйс).
Алғашқы матчта жарақатына байланысты алаңға шықпаған Мадина Бекет бұл ойында толық құрамда ойнады. Қытайлық легионер Мяо Йвэнь соңғы екі сетте толық ойын көрсетті.
Матчта «Жетісу» жалпы 94 ұпай, ал қарсыластар 100 ұпай жинады.
Команданың бас бапкері Марко Гршич матчтан кейінгі пікірінде:
«Бұл ойында жеңілгеніміз өте өкінішті. Клуб тарихында әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісті алып, жанкүйерлерді қуантқымыз келді. Қыздар барын салды, бірақ тәжірибенің аздығы сезілді. Бірінші сетті жеңіп, ойынға жақсы өзгеріс енгіздік, сол қарқынды сақтаймыз деп ойладық. Қарсылас тәуекелге барып, нәтижесін көрсетті. Қателіктерімізді білеміз, олармен жұмыс істейміз», – деді.
«Жетісу» үшін жарысты жалғастыру мүмкіндігі әлі бар. «А» тобынан келесі кезеңге шығатын екінші команда анықталған жоқ. Жетісулықтар топтағы соңғы ойында Бразилияның «Озаску Сан-Кристован» клубын жеңсе, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтайды.
Серік Қантай
Сан-Паулу, Бразилия





