Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындары шешуші кезеңге аяқ басты. Бүгін, 20 ақпан күні Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары үш спорт түрінен бақ сынайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Олимпиаданың бұл күні жанкүйерлер үшін тартысты әрі қызықты болмақ. Спортшыларымыз фристайл-акробатика, конькимен жүгіру және шорт-тректен сынға түседі. Барлық жарыстар Астана уақытымен көрсетілген.
20 ақпандағы жарыс кестесі:
-
14:30 – Фристайл-акробатика (ерлер, іріктеу) Жарыс жолына Асан Асылхан, Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов шығады. Спортшыларымыз финалдық кезеңге жолдама алу үшін шеберлік байқасады.
-
20:30 – Конькимен жүгіру (әйелдер, 1500 м) Бұл қашықтықта ел намысын Надежда Морозова, Елизавета Голубева және Арина Ильященко қорғайды.
-
00:15 (21 ақпанға қараған түні) – Шорт-трек (әйелдер, 1500 м, ширек финал) Айдынға Яна Хан мен Ольга Тихонова шығып, келесі айналымға өту үшін барын салады.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы спорттың 10 түрінен сынға түсіп жатыр. Мамандардың пікірінше, бүгінгі жарыстар спортшыларымыз үшін маңызды сынақ болмақ. Әсіресе фристайл-акробатика мен конькимен жүгіруден жоғары нәтижелер күтілуде.
Жанкүйерлер жарыстарды Qazaqstan, Qazsport, Khabar және Jibek Joly телеарналары арқылы тікелей эфирде тамашалай алады. Отандастарымыздың әрбір қадамы мен жетістігі ел спортының дамуына үлкен үлес қосады.





