Республика күніне орай «Respublica» партиясының мұрындық болуымен ересектер арасында асық атудан ашық аймақтық турнир өтті. Жарысқа облыстың әр өңірінен 2 спортшыдан қатысты.
«Жастар» спорт сарайында өткен додада спортшылар жеңістің желкенін көтеру үшін барын салып өнер көрсетті. Себебі, әр өңірден үздік шыққан 2 спортшы республикалық турнирге жолдама алады.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Жасұлан Әбдірахманов, 2-орынды Манас Қазтай, 3-орынды Дастан Далабаев жеңіп алды.
Шара барысында «Respublica» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ришат Асқарбекұлы:
– Асық спортының серпін алуына кешегі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ерекше әсер етті. Жарты жылдың ішінде 14 елде тұрақты асық ойнау федерациялары тіркелді. Енді екі жылда бір рет әлем чемпионаты өткізіліп тұратын болады. Алғашқысы биыл ұйымдастырылып, оған 14 елдің өкілдері қатысты. Бүгінгі жарыста жеңімпаз атанған екі спортшы Астанаға жолдама алады. Оған республиканың әр аймағынан іріктеліп келген 40 спортшы қатысады, – деп үздіктерді марапаттап, жеңімпаздарға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, финалдық ойындар 25 қазан күні Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді. Турнир жеңімпазына автокөлік сыйға беріледі.





