Мемлекеттік саясат пен өңірлік бастамалардың тоғысқан тұсы Талдықорған қаласында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев облыс тұрғындарымен жүздесіп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді кеңінен тарқатты. Маңызды басқосу Оқушылар сарайында өтіп, спорт пен бұқаралық дене шынықтырудың бүгінгі тынысын бағамдауға мүмкіндік берді.
Кездесуде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы өңірде спортты жүйелі дамытуға бағытталған нақты қадамдарға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда саланы жетілдіру тек жоспар деңгейінде қалмай, нақты жобалар мен іске асқан бастамалар арқылы жүзеге асып отыр. Әсіресе, инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық жерлердегі қолжетімділікті арттыру, балалар мен жастарды спортқа тарту бағытында нәтижелі жұмыстар бар. Бұл – өңірдің әлеуетін арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды басымдықтардың бірі.
Вице-министр Серік Жарасбаев өз баяндамасында ел көлеміндегі оң өзгерістерге ерекше назар аударды.
– Бүгінде елімізде спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 8,4 миллионға жетті. Бұл – халықтың 41 пайызы. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде тұратын 3,1 миллион адам бар. Мұның өзі бұқаралық спорттың қоғам өміріне терең ене бастағанын көрсетеді. Басты мақсатымыз – инфрақұрылымды дамыту арқылы спортқа деген қолжетімділікті барынша кеңейту, – деді вице-министр.
Министрлік тарапынан қолға алынған істердің нәтижесінде биыл республика бойынша 135 спорт нысаны бой көтерген. Жыл соңына дейін тағы 21 жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, ел игілігіне қызмет етпек.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар да назардан тыс қалмады. Спорт кешендерінің сапасы, жаттықтырушылардың даярлығы, ауыл-аймақтағы секциялардың жұмысы сынды өзекті тақырыптарға нақты жауап берілді. Бұл ашық диалог халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, саланың дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
Жалпы, кездесуде айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар өңірде спортты дамыту жолындағы істің жүйелі әрі нәтижелі жүргізіліп жатқанын айғақтады. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың үйлесуі Жетісуды спорттық әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына қосып отыр. Бұл – тек бүгінгі жетістіктен бұрын болашаққа бағытталған бастамалардың жалғасы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





